Заңды білесің бе, кәсіпкер?

25-009ОҚО прокуратурасы жанына құрылған Қоғамдық кеңес есеп алушы ғана емес, реті келгенде кәсіпкерлерге ҚР заң талаптарын түсіндіруші де рөл атқаратыны белгілі. Осы орайда кеңес мүшелері БАҚ беттерінде кәсіпкерлікке қатысты заңдар бойынша түсіндірме беріп отыруды ұйғарды. Сонымен…

Қазақстан Республикасы Конституциясының 26 бабына сәйкес әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне құқығы бар.

* * *

Қазақстан Республикасының «Жеке кәсiпкерлiк туралы» Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес Жаңартылған жеке кәсіпкерлік – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кіріс алуға бағытталған, өздерінің меншігіне негізделген және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің атынан олардың тәуекелімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын бастамашылық қызметі.

* * *

Осы Заңнның 4 бабында жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк реттеудiң негiзгi мақсаты жеке кәсiпкерлiктi дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасау және мемлекеттiң мүдделерi мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау болып табылатыны белгіленген.

* * *

Заңның 18 бабына сәйкес жеке кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қолдау мынадай негiзгi бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

– жеке кәсiпкерлiктi реттеу мәселелерi жөнiндегi заңнаманы жетiлдiру;

– жеке кәсiпкерлiктi қолдау орталықтарын, бизнес-инкубаторларды, технологиялық парктердi, индустриялық аймақтарды және жеке кәсiпкерлiк инфрақұрылымының басқа да объектiлерiн құру және дамыту;

– бюджет қаражаты есебiнен жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiн оқу-әдiстемелік, ғылыми-әдiстемелiк және ақпараттық қамтамасыз ету;

– жеке кәсіпкерлікті қаржылық қолдау.

* * *

Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Үкіметпен көптеген бағдарламалар қабылданып, кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдайлар жасалуда.

Аталған бағдарламалар кәсіпкерлік субъектілерге жеңілдетілген тәртіппен мемлекеттің қаржысын, материалды-техникалық, ақпараттық ресурстарын және ғылыми-техникалық шығармашылықтарды пайдалануға; кәсіпкерлік субъектілерді жеңілдетілген тәртіппен мемлекеттік тіркеу, олардың қызметін лицензиялау, олардың өнімдерін сертификациялау; кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға арналған инвестицияларды тарту және пайдалану жүйесін құру, кәсіпкерлік субъектілерді несиелеуге бағытталған арнайы бағдарламаларды қабылдау; жұмыстар мен қызметтерді атқаруға, тауарларды өндіруге қатысты мемлекеттік сатып алуларды орналастыруда кәсіпкерлік субъектілерге преференциялар ұсыну, кәсіпкерлік субъектілердің сыртқы экономикалық қызметін қолдау, кәсіпкерлік субъектілерге мамандарды даярлау, қайта даярлау және мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған.

Осы бағдарламалар туралы толыққанды ақпаратты қала, аудан әкімдіктердегі кәсіпкерлік бөлімдерінен, облыс деңгейінде облыстық кәсіпкерлік басқармасынан, кәсіпкерлерді қолдау орталықтарынан және кәсіпкерлер палатасынан біле аласыз.

* * *

Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының жеке кәсiпкерлiк қызметiне заңсыз кедергi жасайтын кез келген iс-әрекетi (әрекетсiздiгi) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 151-бабында лауазымды адамдардың кәсiпкерлiк қызметке заңсыз араласқаны, олардың кәсiпкерлiк қызметiне кедергi келтiретiн заңсыз актiлер шығару және заңсыз тапсырмалар беру арқылы араласуы үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

* * *

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 310-1 бабында мемлекеттiк функцияларды атқаруға уәкiлеттi адамның не оған теңестiрiлген адамның заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілігі қарастырылған.

* * *

Кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік азаматтардың немесе ұйымдардың мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне ірі залал келтірген жағдайда ғана әкеп соғады.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен заңсыз деп танылған мемлекеттiк бақылауды және қадағалауды жүргiзу кезiнде мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының iс-әрекетiмен (әрекетсiздiгiмен) жеке кәсiпкерлiк субъектiсiне келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.

* * *

Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатында 2013 жылғы 4 шілдеде «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлік палатасы туралы» Заңы қабылданған.

* * *

Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – Қазақстан Республикасының бизнес қоғамдастығы мен мемлекеттік билік органдары арасында кәсіпкерлік бастаманы іске асыру және өзара тиімді әріптестікті дамыту үшін қолайлы құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жасауды қамтамасыз ету, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің және (немесе) заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестіктерінің қызметін ынталандыру және қолдау мақсатында құрылған, кәсіпкерлік субъектілері одағын білдіретін коммерциялық емес, өзін-өзі реттейтін ұйым болады.

* * *

Оңтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарында, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалаларда өңірлік палатаның филиалдары құрылған.