Молдакәрім ауылы әлі күнге газсыз отыр

407

Желтоқсан айында газбен қамтылуы тиіс Молдакәрім ауылының халқы әлі күнге көгілдір отынға зәру болып отыр. Мақтаарал ауданына қарасты бұл елдімекенге газ құбырлары тартылғанына жарты жылға жуық уақыт болған. Алайда үй ішіне газ тарту жүйесімен айналысатын қос бірдей компания қызметтерін әртүрлі бағалап, жергілікті халықты дүрдараз күйде қалдырып отыр.

заң

Көгілдір отыннан күдерін үзген Ұлдана Жанғабылова қыстың көзі қырауда көмірін дайындап, жылудың қамын жасап алды. Үйдің қалыпты жылуын сақтау үшін күн ұзаққа пешті жағумен болады. Жайлы өмір арман болған кейуана жаңа жылда жеткізілуі тиіс көгілдір газ көзден бұл-бұл ұшты дейді.

Молдакәрім аулына газ құбыры шілде айында жүргізілген. Алайда, қалбиып тұрғаны болмаса, құбырлардан қайыр жоқ. Желтоқсанда газбен қамтылуы тиіс 100 үйлі жан бәз баяғы қалпынша түтін түтетіп отыр. Ал құжат бойынша үйді-үйге тартылуы тиіс газ жүйелері тіпті сынақтан да өтпепті.

Елдімекенде үйішілік газ жүйесін орнатып беру үшін қос бірдей компания жанталасып жатыр. Бірі қызметін 95 мың теңгеге бағаласа, екіншісі 75 мың теңгені місе тұтпақ. Ауылдықтардың сеніміне кіріп, қызметті мойнына алу үшін, тіпті, бір-бірін бопсалауға дейін барған. Бұл жағдай екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің керін келтіргендей болып тұр.

Үйішілік газ жүйесін тартуға таласқан екі компанияның кесірінен елдімекен әлі газсыз отыр. Жауаптылар да дүрдараз күйде. Тұрғындардың көгілдір газға қол жеткізетін күнін дөп басып айта алмайды.