Шудың суы келмесе құрғақшылық болады

Шынында да, биыл Шу өзені суының келмей қалу қаупі туып тұрған сыңайлы. Осы келеңсіздіктің алдын алу мақсатында Созақ ауданы көлемінде жұмыс комиссиясы құрылып, аудан әкімі А.Аймұрзаев, маслихат хатшысы М.Исаев, «Қазсушар» РМК ОҚФ Созақ өндірістік бөлімшесінің бастығы Қ.Тастыбаев, ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ә. Сахиұлы, көршілес Жамбыл облысындағы тиісті мекеме басшыларымен кездесуге арнайы іссапармен барып қайтты.

09-015

Кең даланы бауырына басып жатқан Созақ ауданында су тапшылығын жиі кездестіруге болады. Қаратау бауырынан келетін санаулы кіші өзендер мен суларды қоспағанда, жеріне нәр, даласына өң беріп турған Шу өзенінің маңызын ең әуелі жергілікті тұрғындар жақсы түсінеді. Бірақ, биыл Шу өзенінің Теріскей өңіріне жетпей қалу қаупі туып отыр. Қара суды қасқалдақтың қанындай көретін өңір үшін бұл әрине төбеден түскендай жайсыздау жағдай. Әңгіменің төркіні әріде жатқанын түсініп отырған боларсыз. Бастауын Қырғызстаннан алатын, трансшекаралық Шу-Талас өзендерінің суын пайдалану айыр қалпақты ағайынмен келісіп жүргізіледі. Биылғы жылы көрші елден Шу өзені суының аз келуіне байланысты «Тасөткел» су қоймасына жиналатын су көлемі азайған. Су қоймасының сыймыдылығы 620 млн текше метр су болса, қазіргі таңда бар болғаны 280 текше метр су жиналған. Тағы бір ескере кететін жағдай, Шу өзенін сақтайтын «Тасөткел» су қоймасынан жыл сайын белгіленген кесте бойынша Созақ ауданына қазан айының 19 жұлдызы күні су жіберіліп, қаңтар, ақпан айларында аудан шекарасына келетін. Ал биылғы жылы судың жеткілікті жиналмауы, жылдағы кестеден ауытқып, өзен суы 1 желтоқсан күні жіберілуге мәжбүр болды.

Жылда аудан көлеміндегі 33,9 мың гектар табиғи жайылым-шабындығына жайылу үшін 440 млн текше метр су аудан шекарасына өтуі тиісті. Ал биылғы жылы бар болғаны 398,252 млн текше метр су тасталған. Қазіргі таңда жіберілген өзен суы аудан шекарасынан 180 шақырым қашықтықта, Сарысу ауданына қарасты Ұланбел алқабында жатыр. Қош делік.

Аманғали Аймұрзаев, Созақ ауданының әкімі: 

– Шу өзені суының келмей қалуы аудан үшін үлкен апатты жағдай, сондықтан дер кезінде шешім қабылдап, Шу-Талас бассейні инспекциясы басшылығымен жолықтық. Шу бойында қалыптасқан жағдайды көзімізбен көрдік. Ертеректе салынған «Обводной» каналын жөндетуге, келетін су көлемін арттыру үшін су ресурстары комитетіне арнайы хат жаздық. Нәтижесін күтеміз.

Су саласының маман ғалым-дарының айтуынша, алдағы 5 жыл көлемінде су тапшылығы болуы мүмкін. Бұл дегеніңіз, Шу өзенінің Созақ ауданы бөлігіндегі аңғарлары сусыз қалу қаупі бар. Ауданнан аттанған арнайы комиссияның алдында осындай қордаланған күрделі мәселелердің алдын-алу және шешу мақсаты тұрды. Әуелі, Тараз қаласындағы Шу-Талас бассейні инспекциясының басшыларымен, мамандарымен бас қосып, орын алып отырған мәселені талқылады. Одан соң жұмыс комиссиясы «Тасөткел» су қоймасына барып, Шу бойын аралап, орын алып отырған жағдайға көз жеткізді. Шу өзенін бойлай қоныс тепкен Шу, Тасты, Жуантөбе, Созақ, Қаратау, Қарағұр сынды алты ауыл әкімшілігінің кәсібі – мал шаруашылығы. Мал азығын дайындайтын сояулы шөптің 60-70 пайызы өзен суы жайылған жерлерден дайындалатынын ескерсек, соңғы жылдары «Тасөткел» қоймасынан тасталған су көлемі өте төмен дәрежеде. Тағы бір ескере кететін нәрсе, жылдан жылға су ресурстарының азайып, құрға-шылықтың етек алуына байланысты Созақ ауданындағы алты ауыл әкімдігінде «Конго қырым қызбасы» ауруына соқтыратын кенелердің көбейіп кетуіне, жер асты суларының төмендеуінен «Ақжайық», «Ақкөл» тағы да басқа көлдердің сулары тартылып, ондағы балықтардың қырылуына, өзен бойындағы қаз, үйрек, қырғауыл, шіл тағы басқа құстардың келуіне кері әсерін тигізіп, табиғат анаға орасан зор зиян келтіреді.

Созақ ауданындағы елдімекен-дерді сумен қамтамасыз ету мақса-тында Фурманов су торабынан 200 млн текше метр су тасталынатын. Бұл 1988 жылғы Қазақ КСР мемлекеттік жоспарлау министрлігінің шешімімен бектілген. Алайда ағын су жолай, Ұланбел, Гуляев, Қамқалы алқаптарынан өтіп, Созақ ауданына шабындыққа жайылатын. Сонау 1987 жылы судың Ұланбел, Гуляев, Қамқалы алқаптарына ысырапсыз жайылмай жетуін қамтамасыз ету үшін Фурманов су торабынан ұзындығы 120 шақырым құрайтын, сыйымдылығы 45-50 текше метр «Обводной» каналы қазылған. Аталған канал «Тасөткел» су қоймасын пайдалану басқармасының теңгеріміне берілген. Бірақ, осы каналды толық пайдалану ұзаққа бармады, табаны топырақ, құммен көміліп қалғандықтан пайдалану мүмкін болмады. Фурманов су торабы мамандарының айтуынша, каналдың 70 шақырымын бойлай орналасқан 3 елдімекен халқы егістіке пайдалануда. Қалған 50 шақырымы ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Мамандардың пікірінше, аталған каналдың жөндеуді қажет ететін 50 шақы-рымын іске қосу үшін көп қаражаттың қажеті жоқ. Ол үшін, каналдың жөндеу жұмыстарына гидравликалық эксковатор, екі ХОБА авткөлігі және қажетті жанар-жағар маймен қамтамасыз етілсе күзге дейін жөндеу жұмыстарын аятқтауға мүмкіндік бар. Ал, нәтижесінде «Тасөткел» су қоймасыннан қыркүйек айында жіберілген су жаңа жылға дейін Созақ ауданының шекарасына жетеуін қамтамасыз етеді, судың көлемін қалыпты ұстап отырады деген жорамал бар.

09-014

Сонымен қатар, аудандағы су мамандары Созақ ауданына келген судың көлемін анықтау үшін су өлшеу бекетін салу қажеттігін айтуда. Ол үшін «Қазсушар» РМК Оңтүстік Қазақстан филиалының тапсырысымен салынатын су өлшеу бекетіне 80 млн теңгеге жобалау сметалық құжаттары дайындалып, жер актісі де алынған. Жұмыс комиссиясы орын алып отырған жағдайды көзібен көріп, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы И. Әбішовке аудан әкімінің атынан арнайы хат жолданды.

Ұмытып барады екенбіз, Шу Талас инспекциясының басшысы Жұмабек Мұқатаев Шу өзенінің суы сәуір айының он бесінші жұлдызы күні Созақ ауданының шекарасына жетеді деген уәдесін берді…

Ерлан Райымқұлов

«Оңтүстік Рабат», №9, 04.03.2015