Шымкенттегі № 53 мектептен шу шықты

1211

Шымкенттегі № 53 мектептен шу шықты. Осындағы 10-сынып оқушысы өз ұстазының үстінен арыз түсірген дейді тәртіп сақшылары. Анық болғаны, мұғалім ағай кабинетке үш қызды шақырып алып, киімін шешуді бұйырған болуы мүмкін.

Бұл оқиға құзырлы орган қызметкерлерінің құлағына жетіп, үлкен тексеру басталды. Нәтижесінде білім ордасының бірнеше былықтары ашылып отыр.

002

Хамза атындағы № 53 орта мектеп Коммунизм бөлімшесінде орналасқан. Осы мектептің 10-сынып оқушысы қыздарды бөлек кабинетке шақырған мұғалімнің үстінен арызданады. Шағымнан кейін мектепте дүрбелең басталыпты. Мамыр айының басында басталған тексеріс тоқсан қорытып жатқан ұстаздарға әжептеуір кедергісін тигізген.

Дегенмен, білім ордасының директоры Ахмет Мамшетов бұл оқиғаны жоққа шығарады. Оның айтуынша, математика пәнінің мұғалімі үш қызға сабақ үлгерімі нашарлағаны үшін ұрысқан. Осы сәтті пайдаланған біреулер мұғалімнің оқушыларға ұрсатын құқығы жоқ деп, шағымдануға ақыл берген болуы мүмкін. Себебі, арыз қазақ тілінде жазылған. Ал оқушы қыздар – өзбек сыныбында оқиды.

Прокурорлардың тексеруінен кейін оқушының шағымы шындыққа жанаспайтыны анықталған. Есесіне білім ордасының өзге былықтарының беті ашылды. Мектептің биылғы оқу бітіргелі отырған түлегі нәпақа табу мақсатында шетелге кетіп қалған. Ал мұғалімдер сынып журналына сол оқушыны келмей қалғанын белгілемей, тіпті, баға қойып келіпті. Ал бітіруші баланың ата-анасы оның шетелге ем алу үшін аттанғанын айтып ақталады.

Бұған қоса мектеп оқушылары сабаққа толық келмейтіні анықталды. Ал мұны мектеп директоры ауа райымен байланыстырып отыр.

[youtube]https://youtu.be/3f1EsN9KAYA[/youtube]

Прокурорлар анықталған мәселелер бойынша тез арада мұғалімдерді жинап, жиын өткізді. Білім ордасындағы былықтарға жол бергендер жазаланады деді. Осы орайда қадағалаушы органның қызметкерлері қалалық білім бөліміне арнайы хат та жолдады.

Ернар Балабеков