Оңтүстік бюджет қаражатын игеруде елімізде көш бастап тұр

198

Оңтүстік бюджет қаражатын игеруде елімізде көш бастап тұр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы А.Абдуллаев және облыстық қаржы басқармасының басшысы Р.Исаева «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткізген облыс бюджетінің былтыр атқарылуы туралы баспасөз мәслихатында айтылды.

001

2014 жылдың қорытындысы бойынша облысымыздың жалпы өнім көлемі 200 млн теңгеге өсіп, 2,3 трлн теңгені құраған. Оның ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 649 млрд теңгеден асып, нақты көлем индексі 104,5 пайызды құраған.

Ал ауыл шаруашылығы саласына 23 млрд теңге көлеміндегі субсидия бағытталып, 2013 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге артқан.

– Ауыл шарашылығы саласында өнім көлемі 324,6 млрд теңгені құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 28 млрд теңгеге артты. Бұл саладағы нақты көлем индексі 101,6 пайызды құрап, республикада екінші орынға жайғастық,- дейді облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр.

Есепті кезеңде 450 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,8 пайызға артқан. Өңіріміздің инвестициялық мүмкіндіктері жайлы кеңінен баяндаған Ербол Әбілқайырұлы шетелдік сарапшылардың пікірінше Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздің басқа өңірлері арасында инвестиция тартуға қолайлы әрі тиімді өңір деп бағаланғанын айрықша атап өтті.

Бұл өз кезегінде облыстың өзіндік кірістерін арттыруға сеп болып отырған көрінеді. Мәселен, 2012 жылы облыс бюджетінің түсімі 64 млрд теңгеге тұрақтаса, 2013 жылы бұл көрсеткіштің болжамы 72 млрд теңге деп көрсетіліп, нақты 78,8 млрд теңге болып орындалған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі