Жертөледегі «қонақ үй»

587

Шымкенттегі Жангельдин көшесінің бойындағы жалға берілетін пәтерлер жын-ойнақтың ордасына айналған. Өз бетінше есірген кәсіпкер көп қабатты тұрғын үйдің жертөлесін қонақ үйге айналдырып жіберіпті. Жергілікті жұрттың бұған қатысты шағымданып, бармаған жері, баспаған тауы жоқ.

009

Бірақ өкілетті орындарда әзірге әрекет жоқ. Ал қоғамдық тыныштық пен тазалықты бұзған келушілерге полицейлердің пәрмені жетпей жатыр деп ашынады тұрғындар. Осыған қатысты әкімдік қызметкерлері әрекет жасамақ болып, кезекті рейд жұмыстарын жүргізіп көрген еді.

Жан-жақта шашылып жатқан жамылғылар, керілген кереует. Ол аз десеңіз, алкогольді ішімдіктердің тізілген бөтелкелері. Қолқаны қапқан жағымсыз иіс жан-жаққа жайлап кеткен. Жертөледегі бөлмелердің барлығы осындай күйде. Жергілікті жұрт сегіз жылдан бері осындай қорлықпен күнелтіп жүрміз деп жыларман.

010

Қонақ үйге келушілердің былғап кеткен жаялғылары да осында жуылады. Бес бірдей кір жуу машинасын көріп, жалға берілетін жертөлеге келетін клиенттің көптігін бірден аңғарасыз. Тура осы маңда қызметшілер мен жеңіл жүрісті қыздар жататын кереуеттер де қаз-қатар тізілген.

Кәсіпкердің есіргені соншалық, бақандай бір подъездегі 9 пәтердің барлығын сатып алған дейді тұрғындар. Ол аз десеңіз, үй іргелік жерді еш рұқсатсыз қоршап алып, кір кептіретін орынға айналдырып жіберген деп отыр. Бірінші қабаттағы пәтерге бас сұғып көріп, жеңіл жүрісті қызды байқап қалдық. Сүлгіге оранған ол бетін бұқпалап қаша жөнелді. Дәл осы сәтте пәтерді жалға алушының бірі келіп, түсіру тобына жұдырығын ала жүгірді.

Осындай қауіпті рейдке Әл Фараби аудандық әкімдігінің қызметкерлері полицейлерді шақырмапты. Айтуларынша, тәртіп сақшыларының өзі мұндай арам іспен айналысушыларға алдын ала ескертіп қояды екен. Жергілікті билік өкілдері учаскелік инспекторлардың жалға пәтер берушілермен тығыз байланысы бар деп ащы шындықты жайып салды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=2vvzLmLOSXk[/youtube]

Бірер минутқа созылған жұдырықтасудан кейін 102 нөміріне хабарласуға тура келді. Өйткені арам жерде демалып жатқан батыр екі бірдей оператордың бейнекамерасына залал келтірді. Бірақ полицейлер әдеттегідей әрең жетті. Оқиға орына келген учаскелік инспектор осындай заңсыз қонақ үйге байланысты түсінік беруден басын алып қашты.

Хош, сонымен әкімдік өкілдері тиісті орындарға хат жолдап, заңсыз иеленген көп қабатты тұрғын үйдің жертөлесі мен үй іргелік жерін кері қайтаруға тырысамыз деп ақталды. Бірақ сегіз жылдан бері пәрменсіздік танытқан полицейлер мен әрекетсіз жүрген әкімдік өкілдері енді ғана бір нәтижеге қол жеткізеді деуге сену қиын.

Мақсат Жақсыбаев