Бағаны бақылайтын арнайы штаб құрылды

178

Доллар бағамының көтерілуіне қарамастан Шымкентте азық-түлік және күнделікті тұтыну тауарларының бағасы әзірге тұрақты. Елдегі валюталық өзгерістерге байланысты қалалық әкімдікте өткен шұғыл жиында мамандар осыны мәлімдеді. Кәсіпкерлер мен базар басшыларының басын қосқан жаңа әкім олардың алдында бірқатар міндеттер қойды.

002

Дүйім жұртты доллар бағамы даурықтырып тастады. АҚШ валютасының шарықтауы азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларының бағасына әсер етеді деп күдіктенген шенеуніктер шұғыл жиын өткізді. Қала әкімі ең алдымен нарықты тұрақтандыруды қадағалап отыратын штаб құрылғанын мәлімдеді. Долларға бола даурығып, негізсіз бағаны көтеретіндерге тосқауыл қоюды міндетті.

Азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларына енді тынымсыз мониторинг жүргізуге міндеттелген мамандар әзірге баға тұрақты деп сүйіншіледі. Дегенмен, алдағы уақытта монополистердің қалай құбылатыны белгісіз. Депутаттар бұған дейін барынша пайда тауып келген алпауыт мекемелер енді қараша халықтың жағдайына қарасуы керек деген талап қойды.

Монополистердің құн қосып құбылуына жол бермейміз деген мамандар әкімнің алдында ағынан жарылды. Кәсіпкерлер де көп ойланбастан бағаны тұрақтандырудың барлық жағдайын жасаймыз деп уәж айтты.

Тауар өндірушілер де өнім қоры жеткілікті, сондықтан нарықты көтеруге негіз жоқ дейді. Ал базар басшылары, тіпті, салықты азайту арқылы ахуалды реттеуге кірістік деп ақталды. Қысқасы, кәсіпкерлер түгелдей бағаны тұрақты ұстап тұруға әкімнің алдында уәдені үйіп-төкті.

Дегенмен, «Уәде барда, не қам бар» деп қол қусыруға тағы болмайды. Әйтеуір кәсіпкерлердің сөзі семіз айтып, арық шықпаса болғаны. Жиыннан соң арнайы құрылған штаб базарларды аралауға аттанды.

Мақсат Жақсыбаев