Ерлан Айтаханов мектептерді ескертусіз тексерді

356
Ерлан Айтаханов

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов бірқатар әлеуметтік нысандарды ескертусіз аралады. Соның бірі – Шымкентте салынып жатқан №34 мектеп. Күрделі құрылыс жұмыстарына байланысты аталған мектептің 811 оқушысы қаладағы №127 мектепке қатынап оқуда. Осы жағдаймен танысу үшін №127 мектепке барған облыс әкімінің орынбасары бірқатар проблемаға тап болды.

Ерлан Айтаханов

Ескертпестен №34 мектеп оқушыларының №127 мектеп ғимаратында өтіп жатқан сабақтарына қатысқан Ерлан Қуанышұлы сабақ кезінде 9 – 10 сыныптардың оқушылар мұғалімсіз отырғанын көрді. Кабинетте 10-15 минут сынып оқушыларымен әңгіме жүргізіп біткенге дейін ешқандай мұғалім келмеген. Дәл осындай жағдай басқа да сыныптарда кездесті.

Ерлан Айтаханов

Сонымен бірге №34 мектептен №127 мектепте қатынап оқитын оқушылардың тасымал қызметіне төлейтін ақысы әр түрлі болып шықты. Негізгі тасымалға оқушылардан 25 теңгеден алынады. Осы мәселе бойынша бір-екі оқушымен сөйлесіп көргенде олардың айтуы бойынша ақы жүргізушімен келіскенге байланысты болып шықты. Оқушылардың кейбіреулері «Біздің жолақысын көп мөлшерде төлеуімізге жағдайымыз жоқ. Күнделікті төлейтін ақша болмауына байланысты №127 мектепке жаяу қатынап оқимыз» деді.

Тіпті, біраз оқушылар осы мәселеге байланысты сабаққа бара алмай қалатын көрінеді. Оқушылармен сөйлесу барысында анықталған тағы бір проблема – тамақтану мәселесі. №34 мектептен қатынап оқитын оқушыларға №127 мектебінде тамақтануға жағдай жасалмаған. Ыстық тамақ тиісті дәрежеде қамтамасыз етілмеген. Мектеп ғимараты ішінен асханаға өтуге тыйым салынған. Сондықтан қатынап оқитын оқушылар үзілісте мектепті айналып барып қажет заттарын асхананың сыртынан сатып алып жатыр. Соның кесірінен оқушылар асханаға барам дегенше үзілістің уақыты да өтіп кетеді.

Ерлан Айтаханов

Тағы да бір айта кетерлік жайт, облыс әкімінің орынбасары №127 мектеп басшылығына дәл қазір қазақ тілі, Қазақстан тарихы, география секілді сабақтар қай сыныптарда өтіп жатыр, сол сабаққа қатысып көрейік дегенде, директордың міндетін атқарушы дәл қазір ондай сабақтың жоқ екен, тек 10 сыныпта география сабағы өтіп жатқанын жеткізді. Сол сыныпқа апаруын өтінгенде, аталған сыныпты мектеп ұжымы тауып бере алмады. Яғни мектеп басшылығы 10 сынып қай кабинетте орналасқанын білмейтін болып шықты.

Ерлан Айтаханов

Кезекті мәселе – мектеп инспекторларының жұмысы. Бір ғимаратта екі мектеп оқушылары оқып жатқанына байланысты оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында жалғыз иниспектордың қасына қосымша бір иниспектор тарту қажеттігін Ерлан Қуанышұлы мәселе етіп көтерді.

Ерлан Айтаханов

Осы аталған проблемаларға байланысты түс қайта облыс әкімдігінде шұғыл жиын өтті. Оған облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшылығы, қалалық білім бөлімінің жауаптылары, мектеп директорлары, тасымалмен айналысатын мекеме мамандары мен Шымкент қалалық ішкі істер басқармасына қарасты ювеналды полиция тобының басшылары қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтахановтың төрағалығымен өткен жиында жоғарыда аталған мәселелердың шешу жолдары талқыланды. Атап айтқанда қала бойынша осындай жағдайдағы жалғыз мектептің мәселелерін толықтай шешу мақсатында нақты тапсырмалар берілді:

1. №34 мектептен №127 мектепке қатынап оқитын оқушылардың асханадан тамақтануына жағдай жасау, аз қамтамасыз етілген оқушыларға ыстық тамақ тиісті дәрежеде ұйымдастыру.

2. Тасымал қызметінің бағасын қол жетімді ету және оқушылардың қауіпсіздігін қадағалау.

3. Оқу процесін жүйелі түрде бақылауда ұстау.

4. Мектеп иниспекторларының жұмысын жүйелеп, күшейту шараларын қолға алу.

Осы ретте айта кетерлік жәйт, Ерлан Айтаханов анықталған мәселелерге байланысты ешкімге ешқандай жаза қолданбауды ескертті. «Бұл жиын біреулерді жазалап, қудалау емес, басты мақсат – аталған мәселелердің алдын алу, шешілу жолдарын қарастыру» деді облыс әкімінің орынбасары. Облыстағы барша білім беру мекемелерінің басшыларына алдағы уақытта дәл осындай жүйесіз жұмыстар орын алып жатса, заң аясында тиісті шаралар қолданылатыны қатаң ескертілді.

Жиын қорытындысы бойынша аталған мәселелерді шешу үшін облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға екі апта уақыт берді. Алдағы уақытта бұл мәселелер бақылауда болады.

Дереккөз: облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы