Шымкенттіктер «ақылды» қала технологиясын меңгереді

283
Ақылды қала көрмесі

Шымкент алдыңғы қатарлы «ақылды» қалалардың технологиясын меңгермек. 17-19 қараша күндері Барселона қаласында жыл сайынғы «Ақылды қала» халықаралық конгресс-көрме ұйымдастырылды. Онда беделді, даму қарқыны жоғары қалалардың жаңа жобалары мен тәжірибесі көрсетілді.

Ақылды қала көрмесі

Шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бастаған делегация қатысты. Дәстүрлі түрде өтетін жиынға әлемнің түпкір-түпкірінен қала басшылары, мамандандырылған ғылыми институттар мен инновациялық кәсіпорын жетекшілері шақырылады. Бұл жолы үздік жобаларымен ерекшеленген қалалар арасында Бостон, Торонто, Сидней, Хельсинки, Лондон, Гонконг және тағы басқа қалалар бар.

Өзінің үздік инновациялық жетістіктерімен ғаламды мойындатқан 10 кәсіпорынның қатарына бұл жолы Cisco, Audi, BASF, Bombardier секілді алпауыттар енді. Іс-шараға жиылған көпшілік қала шаруашылығын басқару жүйесін, ондағы зияткерлік, технологиялық жобалардың үздік үлгілерін, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығын жаңарту жобасы бойынша алдыңғы қатарлы жетістіктерімен танысуға мүмкіндік алды.

Шымкент әкімінің баспасөз қызметі