Жаңа үйлерге жаңа қазандықтан жылу беріле бастады

322
Жаңа үйлер

Шаһардағы жаңа қазандық жаңа үйлерге жылу беруді бастады. Құны 3 млрд тенгені құрайтын германиялық қондырғылармен жабдықталған құрылғы өткен аптаның соңында іске қосылды.

Жаңа үйлер

Ал 9 қарашаның таңертеңінен бастап «Қазақстан ипатекалық компаниясы» салған 8 көп қабатты үйге жылу берілді. Сала мамандары баспаналар су жаңа болғандықтан, мұнда қиындық туындамады дейді. Қазандық тарататын жылудың температурасы көтерілсе, ыстық су беруге де мүмкіндік бар.

Бұл 9 қабатты үйлердегі жылу жүйелері де заман талабына сай етіп жасалыпты. Жертөледе қазандықтан келетін жылуды қабылдап, тарататын арнайы қондырғылар бар. Енді сол құрылғылардың жұмысын қадағалап тұратын мамандар қажет болады екен.

Осылайша республикадағы үшінші қалаға айналған шаһарда елімізде жоқ қазандық іске қосылды. Ол Шымкенттік тұрғындардың 85 пайызын қыста жауратпайтынына жауаптылар сенімді. Мамандар әзірге 5 пештің 32 гегаколориялық біреуін ғана іске қосыпты. Ол әкімшілік-іскерлік орталығын толығымен жылумен қамтиды.

Алдағы жылы Нұрсәт шағынауданындағы баспаналарды да осы қазандық арқылы жылыту жоспарланып отыр. Егер тура осындай тағы бір құрылғының құрылысы қолға алынса, жекенің қолындағы №3 энергоорталық сияқты жылытушы кәсіпорындарға шаһар жұртшылығы тәуелді болмайды дейді мамандар.

Негізі, Шымкентте 26 қазаннан бері жылу маусымы басталғаны белгілі. Алайда әлі күнге сығымдау жұмыстары жүргізілмеген, жылу жүйесі жаңаланбаған үйлерде ақаулар орын алып жатыр. Абай ауданы бойынша 424 көп қабатты баспана орталықтандырылған жүйе арқылы жылынады.

Егер тура осы тұрғын үйлерде қандай да бір ақау шықса, онда әкімдікке хабарласуєа болады. Байланыс нөмірі 21-46-94, 21-46-04.

Нұрлан Жаңабай