Әлеуметтік әлсіз отбасының балаларына көмек көрсетілді

352
Қайырымдылық жәрмеңкесі

Шымкентте жеткіншектер мен жасөспірімдерге арналған «Мейірімді жүрек» қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Бұған дейін қала әкімі Ғабидолла Əбдірахымовтың ұсынысымен жаңа жылдық безендіруге бөлінген 80 миллион теңгенің жұмсалу мақсаты мәслихатта қайта қаралып, нәтижесінде бұл қаржы 5918 жетім жəне əлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларына көмек көрсетуге бағытталатын болатын.

Қайырымдылық жәрмеңкесі

Осы мақсатта өткізілген қайырымдылық шарасы аясында 20 желтоқсан күні облыс әкімдігінің «Көрме» орталығында «Мейірімді жүрек» қамқорлық жәрмеңкесі өтті. Мұндағы мақсат жартылай жетім, тұл жетім балалар мен көп балалы және аз қамтылған отбасының балаларына көмектесу болатын.

Қайырымдылық жәрмеңкесі

Қайырымдылық жәрмеңкесіне өңірімізде отандық киім тігу өндірісімен айналысатын кәсіпорындар қатысып, өз өнімдерін барынша жеңілдікпен сатты. Бұл, біріншіден, Елбасының жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес отандық өнімдерді қолдау болса, екіншіден, кәсіпкерлердің жергілікті жердегі тұрғындарға деген көмегі деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жалпы саны 5144 балаға 10 000 теңге көлемінде, ал тұл жетім 774 бүлдіршінге 39 640 теңгеден бөлініп, оларға да бір реттік көмек көрсетілді. Тұрмысы төмен отбасыдан шыққан 1850 жеткіншек (Абай ауданы бойынша – 439 бала, Әл Фараби ауданы бойынша – 356 бала, Еңбекші ауданы бойынша – 509 бала, Қаратау ауданы бойынша – 546 бала) қамқорлық жәрмеңкесіне өз ата-аналарымен қатасып, қажетті киім-кешек сатып алды.

Ұйымдастырушылар қалалық білім бөліміне қарасты барлық білім ұяларында тіркеуде тұрған әлеуметтік әлсіз отбасы балаларының тізімін жасаған. Осы бүлдіршіндерге көмек ретінде бөлінген қаржы балалардың ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің жеке есеп-шоттарына аударылып, өз игіліктеріне жаратылады. Ал оның орындалуын әкімдік мамандары өз тарапымыздан қатаң қадағалаймыз деп отыр.