Шымкент әкімі тәуелсіздік күнімен құттықтады

464
Тәуелсіздік күні

Шымкент қаласы әкімдігінің мәжіліс залында 1тәуелсіздік күніне орай салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынның ашылу салтанаты мемлекеттік қызметке өткен мамандардың ант қабылдау рәсімімен басталды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Тәуелсіздік күні

Алқалы жиында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһардағы зиялы қауым өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер, барлық саланың мамандары мен еңбек азаматтарын тәуелсіздік күнімен құттықтады.

– Егемен еліміз 16 желтоқсанда салтанатты жағдайда ұлттық мереке – тәуелсіздік күнін атап өтуде. Қазақстандықтар алмағайып өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемдік сахнаға көтерілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен біз әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуге аянбай еңбек етіп келеміз. Сіздерге қаламыздың тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңізге табыс, барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін. Ата-бабаларымыздың арманы орындалған осы шақта баршамызға береке-бірлік пен бейбітшілік заманда өмір сүруге нәсіп етсін, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Бұдан кейін шаһар басшысы қоғамның әр саласында тындырымды еңбек етіп келе жатқан бірқатар азамататтарды марапаттады. Еңбегі еленгендер «Алтын алқа», «Шымкент қаласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» төсбелгісі мен қала әкімінің алғыс хатын иеленді.

Тәуелсіздік күні

Тәуелсіздік құрдастары егемендігіміздің 24 жылдығына орай өз жүрекжарды тілектерін білдірді. Мерекелік жиынның соңы концерттік бағдарламаға ұласып, облыстық опера және балет театрының әншілері отаншылдық рухты серпілтетін «Атамекен» әнін асқақтата шырқады.