Түн ішінде винчестермен жүргендер ұсталды

156
Винчестер

Шымкент қаласының полицейлер қару ұстап жүрген жас жігіттерді тұтқындады. 26 желтоқсан түні жол-патрульдік полициясы полкінің қызметкерлері тәртіпті торуылдау кезінде Шымкент көшелердің бірінде «ВАЗ-21014» автокөлігін тоқтатады.

Полицейлердің талабына бағынбаған көлік жүргізушісі қашып кетпек болады. Дегенмен, алысқа ұзай алған жоқ. Жолы кесілген көліктің ішінде 20 және 21 жастағы үш жігіт бар екен.

Ұсталғандар

Күдіктілерді тексеру барысында бірінің сөмкесінен 12 калибрлі «Виттер» винчестері табылды. Бұл қару заңды тіркелмеген болып шықты, деп мәлімдейді ішкі істер департаментінің баспасөз қызметкерлері.

Винчестер

Полицейлер жағдайды толық анықтау мақсатында жігіттерді Әл Фараби полиция бөліміне жеткізді. Бұл факті сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне тіркеліп, қылмысты кодекстің 287-бабымен (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) қылмысты іс қозғалды.

Қазір айғақты заттар тәркіленіп алынған. Күдіктілер ешқайда кетпеу жөніндегі қолхатпен босатылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.