Автокөлік базарында сатушы көп, алушы аз

358
Көлік базары

Қазаќстанда көлік саудасы бір жылда 40 пайызға төмендеген. 2015 жылдың қорытындысы бойынша ай сайын 8000 темір тұлпар, бір жылда 97 мың көлік сатылған. Доллар құнының көтерілуі көлік нарығына да өз әсерін тигізді. Бұл тұста бағаны реттеп, жағдайды сараптау да мүмкін болмай тұр. Азаматтардың бірі несиеге көлік алғандарға тиімді болды десе, енді бірі ол мемлекетті шығынға батыру деп есептейді.

Көлік базары

Шымкентте жексенбі күнгі базарда көлік саудалағандардың бірі АҚШ долларымен сөйлесе, екіншілері темір тұлпарларының бағасын теңгемен айтып жатты. Сондықтан қазір көлік сатушылар қай валютамен сатқан тиімдірек екенін ойлаумен әлек. Ал сатып алушылар қатары аз. Айтуларынша, баға тым жоғары.

«Доллар құны көтірілген сайын, автокөліктердің де бағасы көтеріліп жатыр. Ақшасы барлар салондардан сатып алуда, ал біз секілді қарапайым адамдар базарда жүр. Менің ойымша, базар ма, салон ба – қазір айырмашылық аз. Тек базарда бағаны сәл түсіруге, келісуге болады.»

Юсуп Талипов 1 ай бойы жексенбі сайын базарға келеді. «Шевроле» маркалы автокөлігін сата алмай жүр. Қала тұрғыны жеңіл көлігін доллармен бағалап отыр. Базарда ресейлік автокөліктерге сұраныс басым дейді ол. Ойынша, бағаның өсуіне доллардың көтерілуі себеп.

Юсуп Талипов: «Көлігімді 6500 доллар деп бағалап отырмын. Ешкім алмайды, осы доллардың еш керегі жоқ сияқты. Біздің ұлттық валютамыз теңге болғандықтан, барлығы теңгемен есептеліп, жасалуы керек деп есептеймін. Қазір машина сатушылар көбейіп кетті. Жұртта ақша жоқ.

2015 жылы рубльдің құлдырауына байланысты қазақстандық жүргізушілер көлікті көршілес Ресейден тасыды. Ел үкіметі отандық автобизнесті қолдау үшін өткен жылдың мамыр айында 16 миллиард теңге бөлген. Мұндай жеңілдік жыл соңында тағы жасалды. Яғни, 11 миллиард теңге отандық автобизнесті сақтап қалу үшін бөлінді. Оның қаншалықты тиімді болғанын қазір бағалау да қиын. Себебі, бұл салада бағаның тұрақтайтын түрі шамалы сияқты.

Әлімхан Дүйсенғалиев