Шымкентке Қарағандыдан цирк келді

441
Қарағанды циркі

Шымкентке қарағандылық цирк келді. «Жыртқыш аңдар империсы» деп аталатын өнер ұжымында табиғатта сирек кездесетін жануарлармен қатар адам өміріне қауіпті акробатикалық номерлер дайындалуда. Билеттің бағасы да қымбат емес. Қаңтардың 30-нан бастап әр шымкенттік тұрғын 30-дан астам үйретілген жыртқыш аңның өнерін тамашалай алады.

Жыртқыш аңмен дос болған Джена жануарлардың тілін тауып, үйретілуі қиын қасқырдың өзін циркке машықтандырыпты. Оның қатарында 7 көк бөрі, жолбарыс, сілеусін және жабайы иттер де бар. Барлығы – 12 жыртқыш. Джена 3 жасынан бері осында аңдарды халық алдында өнер көрсетуге үйретіп жүр. Тіпті бір тордың ішінде 5 бірдей жыртқышпен қойылым жасайды.

Джена, цирк әртісі: «Жыртқыш аңдармен жұмыс жасау оңай емес. Бастапқыда қауып та алатын. Олардың тістерінің, тырнақтарының іздері денемде қалып кеткен. Дегенмен, мінезді үйретуші, қай аңмен болмасын, достық қарым қатынас орната алады.»

Қарағанды циркі

Джена жыртқыш аңдарын қойылымға дайындап жатса, цирктің негізгі алаңында үйретілген иттер өз өнерін тиянақтауда. Қарағандылық қонақтардың 2,5 сағаттық көрсетілімі 30 қаңтардан басталады. Қойылым барысында аңдармен қатар акробатикалық нөмірлер де көрермен назарына ұсынылады.

Қарағанды циркі

Сақтандыру құралының көмегінсіз биіктікте мың бұралған Дженаның өнеріне таң қалмау мүмкін емес. Қауіпті қойылыммен шеберлік шектелмейді. Тіпті, қанжардың жүзінде шынымен ойнаған әртісті де көпшілік көпке дейін естен шығармасы анық.

Гражина Забукайти, цирк әртісі: «Бұл – сирек кездесетін ит. Көбіне ресейліктер ұнатады. Алайда, қабаған иттердің тұқымына жатпайды. Айтқаныңды тез-ақ қағып алады.»

Кішкентай көрермендер үшін көрсетілім барысында сайқымазақтар да ортаға шығады. Ең бастысы, республика бойынша бірде бір циркте 30-дан астам аң жұмылдырылмаған. «Жыртқыш аңдар империясының» да өзгелерден ерекшелігі осында. Шымкенттіктер олардың өнерін 28 ақпанға дейін тамашалай алады.

Сарбиназ Алдабергенова