Шымкентте екі мектеп директоры ашық конкурспен тағайындалды

601
Қалалық әкімдік

Шымкентте екі мектеп директоры ашық конкурспен тағайындалды. Жалпы, қаладағы мектеп директорларын тағайындау ісі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тікелей қадағалауында, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі

Білім ұясының басшыларын ашық конкурс арқылы іріктеу туралы ойын қала басшысы тамыз кеңесінде айтқан болатын. Осыған орай Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен еінші рет қалалық білім бөліміне қарасты №118 Көкбұлақ жалпы орта мектебі мен №71 жалпы орта мектебі директорларының бос лауазымдық қызметіне ашық конкурс өткізілді.

Қалалық әкімдік

Алғашқы сынақ бойынша облыс орталығындағы екі білім ұясы басшылығына үміткерлер таңдалды. Үміткерлерді директорлық қызметке тағайындаудың жаңаша үрдісі, ең алдымен, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін таптырмас тәсіл.

Тағы бір оңтайлы тұсы – директорлық лауазымға өз ісінің білгірлері ғана таңдалып алынады. Мұндай тәжірибе Оңтүстікте тұңғыш рет қолданылып отыр. Комиссия мүшелері мұндай сүзгіден өтіп барып тағайындалған директор кадр сапасына жеңіл-желпі қарамайтынын айтып өтті.

Мектеп директорлығына үміткер

Алғашқы сын бойынша №71 жалпы орта мектебінің басшылық лауазымынан 6 үміткер комиссия қабылдауына қатысты. Солардың ішінен мектеп директорлығы лауазымына Орынбай Қамысбаев лайық деп танылды.

Мектеп директорлығына үміткер

Ал №118 жалпы орта мектебін басқаруға 2 үміктер келіп, біліктілігі, басшылық қабілеті жағынан Әбу Қалмұрат Әбенұлы осы лауазымға лайық деп танылды.

Үміткерлердің жеке-жеке Қазақстан Республикасының заңдарын қаншалықты білетіні, құқықтық нормативтік құжаттар, ұжымды басқарудағы, оқу әдістемелік процесін жақсарту жолындағы біліктілігі сарапқа салынды.

Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұған дейін мектеп директорлары білім басқармасының ұйғарымымен ғана тағайындалатын. Шаһар басшысы алдағы уақытта қаладағы мектептердің барлығына бақылау жүйесін енгізетінін жеткізді.