Теріскейге көшетін отбасылар арасында жастар да бар

309
Жандарбек Есенбеков

Биыл Оңтүстіктегі 400-ден астам отбасы теріскейге көшуі мүмкін. Әзірге 50-ге жуық жанұя еліміздің Cолтүстік аймағына қызмет етуге құлық танытып, құжаттарын рәсімдеуге кіріскен. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан келген мәлімет бойынша, қоныс аударғандар тұрақты жұмыспен ғана емес, баспанамен де қамтылмақ.

Жандарбек Есенбеков
Жандарбек Есенбеков

Жандарбек Есенбеков өңіріміздегі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының есігін талай рет қаққан. Жұмыс сұрап. Бірақ бұл жолы жас маман жаңа бағдарламаға қатысуға келді. Шаңырақ көтеріп, отағасы атанған жоғары білімді жігіт ертерек жұмысқа тұруды қалайды.

Жандарбек Есенбеков, жас маман: «Менің мамандығым – жер қатынастарын бақылау, ал жұбайым мейірбике мамандығы бойынша оқу орнын тәмамдаған. Дилом алғалы Оңтүстік өңірінен тұрақты жұмыс таппай келеміз, сондықтан Солтүстікке көшуді дұрыс деп отырмыз. Ол жақта мемлекеттік бағдарлама қолдау білдіреді екен. Сол саясатты ұстанып, ер-азамат болғаннан кейін, екі қолға бір күрек табамыз деген ойымыз бар.»

Сәтжан Полатов
Сәтжан Полатов

Солтүстікке барып, екі қолға бір күрек тапсам деген тағы 458 отбасы басқармаға жүгінген. Бүгінде олардың 50-і, 200-ге жуық жерлесіміз өзге облысқа көшіп, тұрақты жұмыс тауыпты. Бірақ, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасына қатысушыларға мол мүмкіндік жасалуымен қатар қойылатын талап та бар.

Сәтжан Полатов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары: «Солтүстік өңірінің бізден сұрап отырғаны – ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету саласы, білім беру мен денсаулық саласы да бар. Ең бастысы – жұмыспен қамту, баспанамен қамтамасыз ету. Содан кейін осы жақтан көшіп барған отбасылардың шығындарының бәрін субсидиялау, ал өзінің кәсіпкерлігін жүзеге асырамын десе, сол бағдарлама шеңберінде 5 миллион теңгеге дейін несие алу мәселесі бар, ондай мүмкіндік біздің Оңтүстік өңірінде жоқ.»

Еліміздің Солтүстік аумағына қоныс аударып, онда тұрақты жұмысқа орналасу үшін құжат рәсімдеу ақпан айында басталады. Әзірге мұнда түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Айта өтейік, биыл теріскейдегі еңбек нарығына 1500 бос жұмыс орны ұсынылған. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласының мамандарына сұраныс көп. Биыл 800 орын ұсынылып отыр.