Әкім: «Бәйдібек ауданы биыл газбен толық қамтылады»

540
Бәйдібек ауданы әкімдігі
Бәйдібек ауданы әкімдігі

Биыл Бәйдібек ауданы түгелдей көгілдір отынмен қамтылады. Былтыр басталған инфрақұрылымның игілігін биыл билік одан әрі жалғастырмақ. Өткен жылы коммуналдық мәселелерге көп көңіл бөлген Батырбек Көшербай қорытынды есебінде осылай деді. Тындырылған тірлігін түгендеп шыққан аудандағы бас шенеунік басым бағыттарды атап шықты.

Бәйдібек ауданы әкімдігі
Бәйдібек ауданының әкімдігі

Қазынаның қоржыны қомписа, қомақты іске бастау болары сөзсіз. Осыны жақсы түсінген әкім бюджеттің бүйірін толтыруға тер төгіпті. Бәйдібектің биылғы қазынасы 8 млрд теңгеге жуық. Оған инвестицияның игілігін қосыңыз. Ауданға әрісі Араб Әмірлігінен, берісі Қытайдан қалталы қонақтар тартылыпты. Олар ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласының көсегесін көгертуге көп күш салып жатыр екен.

Өткен жылдың тарихында өнегелі іс болып қалған тірліктің бірі – өлкені көгілдір отынмен қамту. Бес айда газ тарату станциясы салынып, үш ай ішінде шаяндықтар шаттыққа бөленді. Енді бұл іс биыл да жалғасады деді әкім.

Бұдан бөлек, елдімекендердегі бірқатар мектептер мен мәдениет үйлері де күрделі жөндеуден өткізіліпті. Айтпақшы, әкім есеп берген жастар сарайы да толығымен жаңартылған. Мұнда ұйымдастырылған алғашқы жиын осы. Коммуналдық мәселелерге көп көңіл бөлген басшы көпірлерді түгелдей жаңарттық деп отыр.

Есепке жиналған жалпақ жұрт та екі жылдан бері тындырылған тірліктерге дән риза. Бұған дейін бас қатырар проблемасы көп болған қалың қауым бұл жолы қаузайтын мәселе қайда азайды деп отыр.

Есепті тыңдауға арнайы келген облыс басшылығы да Бәйдібекте белді тірліктің атқарылғанына көз жеткізді. Сөйтіп, өңір басшысының орынбасары Ербол Садыр аудан әкімі Батырбек Көшербайдың ісіне оң бағасын берді.

Мақсат Жақсыбаев