Бұзақылар бір түнде бір көлікті өртеп, үшеуін тонап кетті

248
Өртенген көлік

Шымкентте бір түнде 4 көлік иесі бұзақылардың әрекетінен шығынға ұшырады. Оқиға ақпанның 7-нен 8-не қараған түні Самал шағынауданындағы Қазиев көшесінде болған.

Белгісіз екеу алдымен Жигули көлігін ұрлап кетпек болады. Дегенмен, алысқа ұзай алған жоқ – көліктің рөлі қатып қалыпты. Иесі оны қойған жерінен 100 метр алыстан тапты.

Жигули көлігі

Осыған ашуланса керек, бұзақылар осы көшеде тұрған Опель көлігінің барлық дөңгелегін кескілеп тастаған. Ал БМВ көлігінің магнитофонын ұрлап кетіпті.

Дегенмен, ең шығынға батқаны – тағы бір Опель көлігінің иесі. Дүкен мен үйдің алдында тұрған көлік таңға жуық отқа оранады. Тұрғындар 102 нөміріне хабарласып, өздері де отты өшіре бастайды.

Өртенген көлік

Өрт сөндірушілер оқиға орнына шұғыл келген. Өкінішке орай, әдетте көлік атаулы тез өртенетіндіктен, Опель түгел жанып кетті.

Өртенген көлік

Тұрғындар полицияға да хабарласқандарын айтады. Дегенмен, тәртіп сақшылары кешігіп келді деген олар «Шұғыл шақырылым» бағдарламасының түсіру тобына да хабарласып, жағдайды айтты.

Оқиға түнгі сағат 4 пен 5-тің арасында орын алған. 102 сымтетігіне хабар бергеніммен, өрт сөндірушілерден басқа ешкім келмеді, тәртіп сақшыларынан бір жанды көрмедім деп ашынады Мереке Жарлықова.

Шақыртуға жедел келіп, әрекет жасағанда бұзақылардың ізін суытпай ұстауға болар еді деп ызаланады. Бұған дейін оның дүкеніне екі рет ұры түскен екен. Бірақ бұл жағдайлар жабулы күйі қалған. Құзырлы орган өкілдерінен осы күнде үміт үздім дейді жәбірленуші.

Мереке Жарлықова, дүкен иесі: «Өртті көрген соң біз полицияға дереу хабар бердік. Бірақ, олар күндізгі сағат 11-де бір-ақ келді. Ол кезде машина толық жанып кеткен. Енді біз ішкі істер департаментінің бастығына шағымданбақпыз.»

Дүкеннің алдында тұрған бейнекамераға ұрылардың әр әрекеті жазылып қалған. Олар автокөліктің жүк салғышын ашып, құнды зат таппаған соң әдейі өртеп жіберген дейді жәбірленуші. Автокөлік Қазиев көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің алдында тұрған. Тірнектеп теңге жинап, бір жыл бұрын сатып алған Опель көлігін өртеп кеткендер табылмаса, жоғары отырған лауазымды тұлғаларға арызданатынын айтты қожайынның жұбайы.

Бір түн ішінде самалдықтардың төрт автокөлігіне ұры түскенін білсе де, жедел тергеу тобы ертеңіне асықпай келді дейді жәбірленуші тарап. Өртенген Опельдің бір бөлшегі әдейі зақым келтірілген Жигули көлігінен табылған көрінеді.

Жалпы, жәбірленушілерге миллион теңгеден астам шығын келген. Тиындап тапқан дүниелерінен осылайша бір түнде айрылған самалдық тұрғындар енді өздері үшін үрейленіп отыр.

Ернар Балабеков