Оңтүстікке Астанадан «Мәңгілік ел» пойызы келеді

269
ассамблея пойызы
15 ақпан күні Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» пойызы» Астана қаласынан жолға шығып, 13-14 наурыз аралығында Шымкент, Түркістан қалаларына аялдайды. Бұл туралы облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, ассамблея хатшылығының меңгерушісі М.Қалмұратов аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
М.ҚалмұратовМ.Қалмұратовтың айтуынша, пойыз арнайы бекітілген бағыт бойынша 33 күнде 33 елдімекенді аралайды. Аталған шара Елбасының бес институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» ұлт жоспарындағы төртінші бағыты бойынша іске асырылуда.
Мұндағы 85-90-шы қадамдар аралығында орындалуы тиіс міндеттердегі барлық жұмыс Қазақстан халқы ассамблеясының біртектілік пен бірлікке насихаттайтын жұмыстары айналасында құрылмақ.
Бұл жоба аясында өңірімізде үш тілде оқытылатын 8 білім мекемесінде 4590 оқушы білім алса, ағылшын тілінде жаратылыстану пәнінен сабақ беретін 70 мұғалім жұмыс істейді.
2015 жылғы 4 қарашада бес институционалды реформадағы қазақстандық біртектілік пен бірлікті жүзеге асыру, ақпараттық қамту бойынша «Болашаққа 100 қадам» медиа-жоспары бекітілді. Аталған жоспарда дәстүрлі БАҚ-пен қатар ғаламтор мен түрлі әлеуметтік желілерге де екпін берілген.
Осы орайда Қазақстандағы этнос мәселелеріне қатысты ұғымдар мен терминдердің БАҚ-да ретті қолданылуын жүзеге асыру мақсатында облыстық ассамблея жанынан журналистер мен блогерлер клубы құрылып, оның құрамы жасақталған болатын.
Ассамблея хатшысы ұлтымыздың ұйытқысы саналатын Оңтүстік өңірінде ұлт жоспарын тиянақты іске асыру мақсатында барлық мемлекеттік органдар белсенді жұмысқа кіріскенін, «Қоғамдық келісім» мекемесі жанынан арнайы медиация кабинеті ашылып, бүгінде этносаралық қатынастарда туындаған  мәселелер бойынша қабылдау жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Баспасөз жиынында баяндамашы Елбасының жарлығымен 1 наурыз алғыс айту күні болып белгіленгенін, осыған орай өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің тың бастамасымен  Шымкент қаласында «Қазақ еліне мың алғыс!» монументі тұрғызылып жатқанын да мәлімдеп, жоғарыда айтылған тапсырмаларды байыпты іске асыру Қазақстандық біртектілік пен бірліктің негізгі үлгісін көрсететінінің дәлелі екенін айтты.