Шымкент әкімі: «Коммуналды қызметке қосылу ақысын бөліп төлеуді қарастыру керек»

360
Қалалық әкімдік

Халыққа көгілдір отын таратушы мекеме тұтынушыларға жеңілдік жасауы тиіс. Үйлеріне газ құбырын кіргізу жұмысының ақысын бөліп төлеуге мүмкіндік берулері керек. Бұл – Шымкент әкімінің ұсынысы.

Коммуналдық қызмет көрсететін мекеме басшыларын жинаған Ғабидулла Әбдірахымов алқа мәжілісін өткізді. Өткен жылы бюджет есебінен 15 мың тұрғынға көгілдір отын жүйесі тартылса, оның тең жартысы баспаналарына кіргізе алмай күн кешуде.

Қалалық әкімдікБұдан былай коммуналдық қызмет көрсететін монополистер жұмсаған қаржысы мен салған инвестициялары жайлы халықты хабардар етіп отыруы тиіс. Бұл да қала әкімінің талабы.

Мысалы, бір ғана «Қазтранс Газ Аймақ» компаниясы 2015 жылы жаңарту бағдарламасын жүргізіп, жергілікті билікке жәрдем берген. Ол үшін өз есептерінен 2,8 млрд теңге жұмсапты.

Ал биыл 3 млрд теңгені тағы жұмсап, қалалықтарға сапалы көгілдір отын беруді көздеп отыр. Есесіне қала әкімдігі қазына қаржысына 8 жобаны іске асырып, бірнеше елдімекенге табиғи отын жеткізбек ниетте. Нәтижесінде тұрғындарды көгілдір отынмен қамту пайызы 82-ден 95 пайызға бір-ақ көтерілмек. Бүгінде облыс орталығына қарасты 81 елдімекеннің 11-де мүлдем газ жоқ.

Таза ауызсумен қамту жұмыстары да үрдістен қалыс қалмай келеді. 2015 жылы таза су тарататын жеті нысан пайдалануға берілген. Ал сапалы электр жарығымен қамту алдағы жылдармен салыстырғанда 5-6 пайызға өсті.

Коммуналдық салада күрмеуі шешілмеген сауал көп. Оның кезең-кезеңімен жүзеге асатынынан халық та хабардар болу керек. Түйіні көп түйткілді салада атқарылар әрбір жұмыс ашық, әрі жариялы болғаны дұрыс. Қала әкімі жиын барысында осындай талап қойды.

Жоспарлы жұмыстардан хабары бар халық бей-берекет су сұрап, жол салуды талап етпейді дейді әкім. Әсіресе, шаһардың 2016-2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасына енген жұмыстарды шымкенттіктерге таныстыру қажет деп нақтыланды.

Нұрлан Жаңабай