Оңтүстікте су басу қаупі сейілді

365
Су басу

Оңтүстікте су басу қаупі сейілді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі осылай деп хабарлайды.

Су басу2016 жылдың 17 сәуірі күні жауған нөсер жаңбыр салдарынан сағат 18:35-те Төле би ауданының Леңгір қаласындағы тұрғын үйлердің маңында су деңгейінің көтеріллген.

Сай-салаларды толтырған жаңбыр суы шаһардағы Матросов, Жамбыл, Базарная, Комсомольская, Мичурин, Садовая және Бішембаев көшелеріне жайылды. Нәтижесінде тасыған су 22 үй іргесі мен үй-жайлардың аулаларын алған. Айта кетейік, тосын оқиғадан зардап шеккендер жоқ, су тұрғын үйлерге кірмеген.

Сонымен қатар, кешегі күні нөсер жауын салдарынан Қазығұрт ауданының Алтынтөбе ауыл округіне қарасты 1 Мамыр елдімекеніндегі 3 тұрғын үйдің ауласын су басқан болатын. Онда жауын салдарынан 2 шаруашылық қора-жай маңы бүлінсе, 3 аула мен 1 уақытша баспанаға су жайылған.

Орын алған жағдайларды бақылау үшін өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов пен облыстық төтенше жағдай департаментінің бастығы Александр Путейко Төле би жәнен Қазығұрт аудандарына барды.

Шұғыл атқарылған алдын алу шараларының нәтижесінде жағдай тұрақталып, жиналған су арнайы техникалармен шығарылды. Қауіпті сейілту үшін жаңбыр суын траншеяға қарай бұру жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үйлердің іргесіне құмға толы қапшықтар қойылды.

Апаттан құтқару жұмыстарына ОҚО ТЖД өкілдері мен жергілікті атқарушы органдар бөлімдерінің құтқару жасақтары мен күштері жұмылдырылды.

Тосын жағдайларға сәйкес Төле би ауданынан 6 моторлы сорғы мен 12 техника және 108 адам жұмылдырылса, Қазығұрт ауданындағы қауіпті сейілту үшін 2 моторлы сорғы мен 3 техника және 15 адам жұмыс істеді.

Бүгінгі таңда қос аудандағы апаттан құтқару жұмыстары толықтай аяқталды. Кез келген табиғат апаттарына байланысты облыстық төтенше жағдай департаментінде шұғыл штаб құрылған. Өңірдегі жалпы жағдай бақылауда.