Шымкент ірі агломерация орталығына айналып, электр теміржолы іске қосылады

773
Шымкент ірі агломерация орталығына айналады
Фото: //syl.ru

Шымкент Қазақстандағы ірі агломерациялық орталыққа айналады. Қарапайым тілмен айтсақ, агломерация – инвестициялық күштердің бір арнаға топтастырылуы. Урбандалу процестерінің  негізінде индустралдық аймақтарға болатын өзгеше даму әдісі.

Қала аумағында орналасқан қаншама зауыт-фабрикалар келешекте көптеген жұмыс күштерін өзіне тарта түсетіні анық. Сондықтан өзімізде бар табиғи шарт-жағдайды пайдалана отырып, Шымкентті Оңтүстік өңірдің агломерациялық «жүрегіне» айналдыруымыз қажет.

Таяуда қала әкімдігінде Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов облыс басшысы Бейбіт Атамқұловтың алдында Қазақстан үкіметінің «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жоспарланған жұмыстар туралы баяндамасында осылай деп мәлімдеді.

Шымкент ірі агломерациялық орталыққа айналады

Оңтүстік агломерацияға изохрон тәсілі бойыша (1,5 сағат ішінде көлікпен жету) Шымкент қаласы, Сайрам, Төле би, Ордабасы, Бәйдібек, Түлкібас, Қазығұрт аудандары, Арыс қаласы енгізілген. Оның ішінде Шымкент қаласы агломерацияның ядросына айнала отырып, көршілес аудан-қалалардың қаланың демографиялық өсіміне байланысты әлеуметтік, инженерлік жүйелер, транспорт, тұрғын үй құрылыстарын жүргізуге өнеркәсіп және ауыл шаруашылықты дамытуға таптырмас мегаорталыққа айналады дейді әкім.

Шымкент ірі агломерациялық орталыққа айналады

Өз баяндамасында шаһар басшысы қаладағы агломерацияның тиімді факторларына тоқталып өтті.

– Атап айтар болсақ, қаланың жаңа бас жоспарына сәйкес Шымкент аумағына 40 елдімекен қосылып, шекарасы 40 мың гектардан 117 мың гектарға дейін ұлғайды, – деді қала әкімі Ғ.Әбдірахымов. – Ауыл шаруашылығы, сауда-саттық саласы жүйелі жолға қойылған Сайрам, Төле би, Ордабасы аудандарының қалаға жақын орналасуы бірінші тиімділік болып саналмақ. Елбасы тапсырмасына орай қала шын мәнінде елдің үшінші қаласы атану үшін ішкі және сыртқы форматта жүйелі жұмыс істелінуде. Бұл ретте ескі қала аумағынан бөлек бой көтерген жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы мен индустриялық аймақтардың салынуы немесе қаланың инвестициялық тартымдылығы дәлел.

Шымкент ірі агломерация орталығына айналып, электр теміржолы іске қосылады

Ғабидолла Әбдірахымов өз баяндамасында қолданыстағы теміржолдармен Ленгір-Шымкент, Түлкібас-Сайрам-Шымкент бағыттарына жолаушылар тасымалдауды электрлі теміржол пойызы арқылы жүзеге асыру ұсынысын айтып өтті. Бұл, біріншіден, қалаға кіреберісте көлік кептелісін азайтып, уақыт үнемдеуге, екіншіден, елдімекендердегі тауар өндірушілердің өнімдерін дер кезінде қала аумағына жеткізуіне ыңғайлы болмақ.

Шымкент ірі агломерациялық орталыққа айналады

Шымкент агломерациясы аумағына облысқа қарасты бірқатар аудан-қалалар енгендіктен, облыстық әкімдік жанынан осы жұмыстарды үйлестіретін жұмыс органын құру шарты туындайды. Оның құзырына қаламен шекаралас аудандардағы қоқыс тастау полигондарын, су тазарту ғимараттарының құрылысы сияқты мәселелерді шешу кіреді.

Шымкент қаласының бас жоспарында инфрақұрылым жағдайына қарай әуе, теміржол, автомобиль жолдары, шағын және орта кәсіпкерлік, сауда саласының маңызды нүктелері сол жол бойларында орналастыру жоспарланған.

Шымкенттегі агломерациялық процесті реттеу үшін әуелі қалада халықтың өмір сүруіне қажетті инженерлік жүйелерді дамыту қажет деді әкім. Осы мақсатта биыл алғашқы қадамда 8 елдімекенге ауызсу, 8 елдімекенге кәріз жүйесі, 8 елдімекенге электр жарығы, ал 5 елдімекенге табиғи газ тартылады деп жоспарлануда.

Агломерацияның жүйелі жүзеге асуы үшін транспорт саласының да маңызы зор. Кез келген тұрғынның уақытын үнемдеу үшін ең бастысы іркіліссіз жолдың болуы шарт. Осыны ескерген қала әкімдігі шаһардағы айналма жолдарды және аудандарға баратын облыстық маңызы бар жолдарды қайта құру, қалаға кіре беріс жердегі көлік жүрісін жеңілдету үшін жүйелі жоспар әзірлеп, жұмыс істеуде.

Қаланың бас жоспарға сәйкес келешекте қала жолдарында жеңіл рельсті көлік жүйесін салу қажеттігі туындап отыр. Осы мақсатта А-2 автомобиль тасжолын, Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс айналма жолдарының құрылысын, Абай және Қонаев даңғылдарының жалғасын және қаланың Солтүстік-Оңтүстік, Шығыс-батыс бөліктерін байланыстыру көзделген.

Қала халқының табиғи өсіміне және урбандалу процесстерінің жүруіне байланысты тұрғын үйлерге деген сұраныс артады. Осыны ескере отырып жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы, Тұран шағынауданы, Сауран, Ташкент бағытында Ақтас-1 шағынаудандарында көп қабатты үйлер салу жоспарланған.

Құдайға шүкір, Оңтүстік – ауызсуға ең бай өлке. Сондықтан суды тиімді пайдалану арқылы аймақты Қазақстанды көкөніспен, жеміс-жидекпен қамтамасыз етуші басты өңір жасауға болады. Бұған қоса Шымкент—күн энергиясы ұзақ және мол болатын қала. Сондықтан баламалы энергия көзін пайдаланудың да мол мүмкіндігі бар. Қысқасы, Шымқала агломерацияның қарқынды дамуына жол ашатын қолжетімді әрі құнарлы азық-түлік және жеңіл өнеркәсіптің отанына айналуы тиіс.

Шымкент қаласы халық саны жағынан елдегі алып үштіктің бірі. Сондықтан мұнда даму үшін қажеттіліктің бәрі бар деуге болады. Халықтың демографиялық өсімі де оны агломерация деп аталатын маңызды кешеннің құрамдасы болуына бастағандай.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі