Прокурорлар кәсіпкерлер құқығын қорғады

295
Прокурорлар кәсіпкерлер құқығын қорғады

Оңтүстікте 2016 жылдың 5 айында қолданылған прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижесінде 442 кәсіпкердің құқығы қорғалып, мемлекеттік органдардың заңсыз 5 құқықтық актісі өзгертілді. Ал заң бұзушылықтарға жол берген 35 тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды.

Прокурорлар кәсіпкерлер құқығын қорғады

Бұл жөнінде Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі Батыр Ергешов мәлімдеді. Жалпы, прокурорлық қадағалау актілерімен кәсіпкерлердің пайдасына 142 млн теңге өндірілді. Мысалы, агроөнеркәсіптік кешеніне инвестиция жасаған 29 субъекті шығыстарының бір бөлігін (2 млрд теңгеден астам) өтеу үшін 2015 жылдың желтоқсан айында субсидия беру туралы өтініш жасаған. Содан бері жергілікті атқарушы органдармен негізсіз созбаландыққа салынып, қаралмай жатқаны анықталып, қолданылған прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижесінде бұл заң бұзушылықтар жойылды.

Сонымен қатар осы инвестицияларды субсидиялау туралы қағидаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс бас прокуратурада, әділет және ауыл шаруашылығы министріліктерінде қолдау тапты.

Бұған қоса жер учаскесіне қатысты мәселе де шешімін тапқан. Мысалы, облыс әкімдігінің әрекетсіздігінен жер қойнауын пайдалануға келісім-шарты бар 3 кәсіпкерге («Адал Арна» ЖШС, «Бадам Өнімдері» ЖШС, ЖК «Баимбетов») кәсіпкерлік қызметін бастауға қажетті жер учаскелерге құқығын табыстайтын қаулылары 2014 жылдан бері қабылданбай жүрген проблемасы тек прокуратураның араласуынан кейін жойылды.

Прокуратура жанынан құрылған мобильдік топтарға (байланыс тел: 8-725-2-530-430) кәсіпкерлерден 33 хабарлама келіп түсіп, олардың 9 дәлелін тапқан.

«Жалпы, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау – прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі.
Бұл бағытта қадағалау жұмыстары Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы мен «Нұр Отан» партиясының филиалымен тығыз байланыста жүруде» деген Батыр Ергешов кәсіпкерлердің құқықтарын бұзған 4 тұлға тиісті жауапкершіліктерге тартылғанын да айтты.

Ал кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мақсатында қабылданған бағдарламалар мен іс-шараларды халыққа түсіндіру мақсатында арнайы слайдар жасалып, қоғамдық орындарда және интернет-сайттарда кеңінен насихатталуда.