Шымкент мектептерінде оқушылардың смартфон қолдануына тыйым салынуы мүмкін

360
Шымкент мектептерінде оқушылардың смартфон қолдануына тыйым салнуы мүмкін

Шымкент қаласындағы мектептерде оқу жылында оқушылардың смартфон қолдануына тыйым салынуы мүмкін. Бұл жөнінде қалалық әкімдікте өткен үлкен жиында айтылды.

Қала әкімдігінің кезекті мәжілісінде кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу күн тәртібіне қойылды. Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен жиында қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева баяндама жасады.

Шымкент мектептерінде оқушылардың смартфон қолдануына тыйым салнуы мүмкін

Қаланың бас мұғалімі мектеп оқушылары арасындағы қылмыстың туындауына бір жағынан интернетпен байланысқа шығатын смартфондар себеп болып отырғанын да айтып, ата-аналар комитеті арқылы бұл мәселеге тосқауыл қою жағын көтерді.

Білім бөлімі мен құқық қорғау органдары бірлесіп жұмыс істеуінің нәтижесінде қаламызда жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту жұмыстары оң нәтиже беріп келеді дейді Жанат Арысбекқызы. Бұған мысал ретінде 2016-2017 оқу жылына арналған кешенді іс-шара жоспары бойынша кәмелетке толмаған оқушыларға және олардың заңды өкілдеріне құқықтық кеңес беру жадынамасы жасалғанын алға тартты. Бұған қоса үздік мектептердің тәжірибесі жинақталып, мектеп психологтарына, сынып жетекшілеріне, ата-аналарға және оқушыларға арналған әдістемелік нұсқаулықтар дайындалған.

– Ата-аналар мен білім мекемелері арасындағы пікірлесуді дамыту үшін білім бөлімі жанынан 8-771-828-58-85 нөмірі арқылы «WhatsАpp» қызметі іске қосылды. Оған келіп түскен ақпараттар негізінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатырмыз,-  деді Жанат Арысбекқызы.

Білім бөлімі басшысының айтуынша, өскелең ұрпақ үшін отбасындағы тәрбиеден тыс өзін қоршаған ортадағы тәрбиенің де маңызы зор екені ескеріле келе биылғы 25 тамыздан бастап қала аумағындағы халық көп шоғырланатын орындарға, көше бойларына бейнероликтер мен баннерлерді орналастыру үшін ішкі саясат бөліміне ұсыныс енгізілген. Сонымен қатар Жанат Арысбекқызы ішкі істер басқармасы, қалаға қарасты аудан әкімдіктері, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, ішкі саясат бөлімі, денсаулық сақтау басқармасы мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін бірлесіп, ұрпақ тәрбиесіне баса назар аударуға шақырды.