ОҚО-да білім ошақтары жаңа оқу жылына толық дайын

344

Бұл туралы бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Ә. Кенжебаев пен Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Ж. Тәжиева өңіріміздегі білім ошақтарының 2016-2017 жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы журналистермен өткізген брифингінде хабарлады. Жаңа оқу жылын тың жаңалықтармен қарсы алып, білім саласындағы өзгерістерге тоқталған жетекшілер 1 қыркүйек күні мектеп табалдырығын 73699 бала аттайтынын хабарлады.

«2016 жылғы қыркүйек айынан бастап, республикадағы жалпы білім беретін мектептердің бірінші сыныптары 5 күндік оқу аптасына көшеді. 5 күндік оқу аптасына көшу 2017-2018 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 2017 жылы 2, 5, 7, 9–сынып оқушылары 5 күндік оқу аптасына көшеді. 2018 жылдан бастап барлық басқа сынып оқушылары жаңа оқу барысына көшеді. Дамыған елдерде мектептерде бес күндік оқу аптасы енгізілген. Бұл баланың қалпына келіп, ал ұстаздың жақсы демалып, сабаққа сапалы дайындалуына мүмкіндік береді» – деді Ә. Кенжебаев.

Сонымен қатар, ол жаңа оқу жылында жаңартылған білім беру мазмұнына көшу үрдісіне байланысты облыста 10 мыңға жуық мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өткенін хабарлады. Сондай-ақ, жаңа оқу жылында өңірімізде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, 25 мектеп ашылатынын жеткізді.

Баспасөз жиынында сөз алған Шымкент қаласы білім бөлімінің басшысы Ж. Тәжиева, әсіресе, оқулық мәселесінде тапшылық болмайтынын баяндады.

«2016 жылы Шымкенттегі үш мектеп пен үш балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан 2 жаңа мектептің (Қаратөбе ш.а. – 600 орындық, Ынтымақ ш.а. – 900 орындық) және Оспанов көшесі, № 61 ғимараттың балабақша ретінде қайта құру жұмыстарын аяқтап, осы жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға беру жоспарлануда. Сонымен қатар, 2016 жылы № 91, 111 мектептердің 300 және № 53 мектептің 600 орындық құрылыстары аяқталып, 1 қыркүйекке оқушыларды қабылдауға дайын болмақ. № 34 мектептің 150 орындық қосымша құрылысын пайдалануға тапсыру ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланған», – деді Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы.

Жиында мектептердің 100 пайыз телефондандырылып, 100 пайыз интернет желісіне қосылғаны да айтылды.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында 1022 мектеп бар.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі