«Шымкент-сити» — Шымшаһардағы ерекше жоба. Бұл орталық Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Орта Азиядағы ең көне қаланың жаңа тарихи бейнесін айшықтайтын болады дейді қалалық әкімдіктің өкілдері.
Осы орайда, жергілікті БАҚ өкілдеріне Тұран шағынауданындағы ауқымды жобаның құрылыс барысын таныстырған қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров заманауи тұрғын және іскерлік орталығына арнайы экскурсия ұйымдастырды. Пресс-турға қала әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюпов, қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Нұралхан Оралбайұлының айтуынша, жобаның жалпы аумағы 427 гектарды құрайды. Бүгінде мұнда инфрақұрылым тартылып, жол салынуда. Жалпы саны 7 көшеге аяқжолдар мен веложол салу қарастырылған. Яғни, мұндағы жолдардың орташа ені 3,5–4 метрге, ал жер полотносының ені 40–50 метрге жетеді.
— Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстарын толығымен аяқтау үшін бюджеттен 6,7 млрд теңге бөлінген. Биыл оның 1,9 млрд теңгесі игерілді. Ал бұл жұмыстарды 2017 жылы аяқтау көзделуде, – дейді Н. Көшеров.
Пресс-турға қатысушылар, ең алдымен, бірінші көше бойындағы жұмыстарды зерделеді. Мұндағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстарын «Шымкентдорстрой» ЖШС жүргізуде. Өткен жылдың маусым айында басталған ауқымды жұмыс 2017 жылдың соңына дейін толығымен аяқталуы тиіс. Жобаның сметалық құны 417 миллион теңгеге жуықтайды.
— Көше бойының жалпы ұзындығы 1538 метрді құрайды. 4 жүру жолағы салынады. Биыл қаралған қаржының 131 миллион теңгесі игерілді, – дейді сала мамандары.
Бұдан бөлек, орталық аумағында бой түзеген алғашқы көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы да аяқталуға жақын. 9, 12 және 16 қабаттан тұратын жалпы саны 316 үй келер жылдың соңына қарай пайдалануға беріле бастамақ. Қуантарлығы, мұндағы пәтерлерге азаматтар «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы қол жеткізе алады.
Келешекте «Shymkent-city» аумағы 70 мыңға таяу тұрғынды қамтитын болады. Мұнда 7 мектеп, 21 балабақша, 2 емхана ғимаратын салу жоспарлануда. Сондай-ақ, қаладағы ең үлкен спорт кешені, концерт залы және жалпы аумағы 62 гектардан асатын саябақ салынады.
Осылайша «Shymkent City» заманауи инфрақұрылыммен қамтылған, өмір сүруге және кәсіп жүргізуге қолайлы, жоғары заманауи стандарттарға лайықталған іргелі орталыққа айналмақ. Жоба Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасының шеңберінде жүзеге асырылуда. Ең бастысы, Шымкент қаласын ел аумағындағы үшінші мегаполиске айналдыру міндеті оң шешімін таппақ. Кешен аумағындағы жаңа нысандардың құрылысы жеке инвестициялардың есебінен салынады.