Шымкентте құлаған ағаш көлікті басып қалып, бір адамды жарақаттады

402
Шымкентте құлаған ағаш көлікті басып қалып, бір адамды жарақаттады

Шымкент тұрғыны айдың-күннің аманында жазатайым бола жаздады. Қураған ағаш аулада тұрған көліктің үстіне құлап, басып қалған. Құдай сақтағанда, ішінде отырған адамдар әупірімдеп аман қалды. Дегенмен, біреуі жарақат алды. Ал көлік иесі шығынды кімнен өтерін білмейді.

Шымкентте құлаған ағаш көлікті басып қалып, бір адамды жарақаттады

Гагарин көшесінің бойында орналасқан №26 үйдің ауласына кіреберіс 3 сағаттай жабық болды. Оған себеп – қураған талдың құлауы. Түске жақын Саера есімді азаматша танысы екеуі көлігіне міне берген сәтте үстеріне түбімен қопарылған тал құлайды. Көлік иесінің танысының басы жарақаттанып, ауруханаға жеткізілген. Иесі жоқ талдан таяқ жеген жәбірленуші кімнен көмек сұрайтынын білмей дал болуда.

Шымкентте құлаған ағаш көлікті басып қалып, бір адамды жарақаттады

Бұл азаматша есін жиған соң жан-жаққа хабарласып, көмек сұрадым дейді. Дәрігерлерден кейін «ЛТД Тұрмыс» мекемесінің жұмысшылары келді. Жұмысшылардан кейін ғана полиция қызметкері төбе көрсетті дейді жүргізуші. Көлікке келген материалдық шығыннан бөлек әйел кісінің жарақаттанғаны бар деген учаскелік инспектор оқиға орнына жедел тергеу тобын шақыртады. Ал түсіру тобы басы жарақаттанған әйелдің жағдайын білу үшін ауруханаға бардық.

Дәрігерлердің айтуынша, 1963 жылы туған азаматшаның басы жарақаттанған. Жеңіл жарақаты бойынша қажетті медициналық көмек көрсетілді. Содан кейін кеңес беріліп, үйіне қайтарылды.

Абырой болғанда 53 жастағы азаматшаның денсаулығы тікелей қауіп төніп тұрған жоқ дейді дәрігерлер. Ал «ЛТД Тұрмыстың» жұмысшылары мұндай шақыртулар жиілеп кеткенін айтады. Қар жауысымен тіпті тәулік бойы ағаш аралаумен кетеді екен. Мамандар үй ауласындағы құлауға шақ қалған ағаштарды жергілікті әкімшілікке шағымданып, кесу үшін тапсырыс беруге болатынын айтады. Әдетте мұндай оқиғадан келтірілген шығындар өтелмейтіні тағы бар.

Ернар Балабеков