Қарызын өтемегендердің банктегі есеп-шоттары жабылады

288
Жылу маусымы жақындап келеді

Енді қарызын өтемегендердің банктегі есеп-шоттары жабылады. Жылу берушілер осындай соңғы қадамға баруға мәжбүрміз дейді. Себебі, тұтынған жылу үшін тиісті ақыны төлемей жүргендер жетіп-артылады. Нақты айтқанда, Шымкент тұрғындары бізге 309 миллион теңге қарыз дейді Қуат жылу орталығының мамандары. Енді осы борышты өндіріп алу үшін сот орындаушыларымен бірге жұмыс істеуде.

2016-2017 жылдардағы жылыту маусымы аяқталғаны қашан, алайда бірқатар шымкенттіктер тұтынған жылу үшін төлем айырысуға асығар емес. Сондықтан жылу берушілер қарыздары бар абоненттерді тез арада берешекті өтеуге шақырады.

Марина Хохлова, «Қуат жылу орталығы-3» МКК бөлім басшысы: «Бүгінде жеке тұлғалардың «Қуат жылу орталығы-3″ мекемесі алдындағы қарызы – 309 млн теңге. Осы қарыздарды абоненттерден өтеп алу мақсатында жеке сот орындаушылары жұмылдырылған. Олар сот шешімдерін орындауға білек сыбана кіріскен. Қарыздарды сот арқылы өтеуге мәжбүрміз. Бүгінде борышкерлердің банктегі есеп-шоттары жабылуда.»

Өткен жылыту маусымында көпқабатты үйлерде тұратын 65 мың адам орталық жүйеден жылумен қамтылған. Жылу берушілер 100 мың теңгеден артық қарызы бар 3636 абонентті жақсы танимыз дейді. Және олармен бүгінде жұмыс жүргізілуде.

Марина Хохлова, «Қуат жылу орталығы-3» МКК бөлім басшысы: «Әрине, жағдайы қиын тұтынушыларға мекеме басшылығы түсіністік танытып, берешекті өтеуге уақыт береді. Ол үшін көпқабатты үйдің тұрғыны бізге келіп, қарызын өтеуі жөнінде арыз жазуы тиіс. Жеңілдіктер аз қамтылған, мүгедек мүшесі бар отбасыларына жасалынады. Дегенмен, азаматтар міндетті төлемдерді салық кодексіне сәйкес өтеуі тиіс. Сондықтан ыңғайсыз жағдайға тап болмас үшін, қарыздарыңыз бар болса, тез арада төлеңіз.»

Осылайша жылу берушілер қарыздарды ешкім кешірмейді деп ескертеді. Тұрғындар тұтынған жылуы үшін міндетті түрде есептесуі тиіс. Ал егер іс сотқа өтсе, онда абоненттің банктегі есеп-шоты жабылады. Зейнетақы мен жалақыларыңыз қарызды өтегенше берілмейді.