Елімізде алғаш рет ОҚО-да мектеп медицинасын жетілдіру қолға алынды

589

Елімізде алғаш рет Оңтүстік Қазақстан облысында Денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен дұрыс әрі тиімді тамақтанудың маңыздылығын оқушыларға түсіндіру мақсатында мектептерде денсаулық бұрыштарын жасау қолға алынды. Аталған шараның алғашқы үлгісі Шымкент қаласындағы №45 мектеп-гимназиясында өткен баспасөз көнференциясында таныстырылды.

– Бүгінде жасөспірімдер арасында тағам түрлерін талғамай тұтынудың салдарынан асқазан-ішек ауруларына шалдығушылар жиі кездеседі. Осының алдын алу жұмыстарын біз елімізде алғашқы болып, биылдан бастап білім саласынан денсаулық сақтау жүйесіне берілген мектеп медицинасын жетілдіруден бастап отырмыз. Бұл мақсатта облыс мектептерінде денсаулық бұрыштарын ашуды қолға алдық. Ең бірінші кезекте дұрыс әрі тиімді тамақтанудың маңыздылығын оқушылардың санасына сіңіруіміз керек.

Өйткені қоғамымызда қорегімізге айналып кеткен атауы әдемі фаст-вудтың, яғни жылдам әзірленетін тағам түрлерінің адам ағзасына, әсіресе жасөспірімдердің жетілуіне, толық адам болып қалыптасуына кері әсерлері көп. Мұндай өнімдердің қаншалықты зиян екен айтып түсіндірсек те, ұл-қыздарымызды олардан бас тартқыза алмай келеміз.

Сондықтан ұрпағымызға ненің пайдалы, ненің зиян екенін, жаман-жақсысын ажыратып, қолмен ұстатып ұғындыруымыз қажет-ақ. Денсаулық бұрышында балаларға күнделікті тұтынуды дағдыға айналдырған чипси, сникерс, кока-кола сияқты сусын түрлерінің құрамын осылай талдап көрсетсек, оның әсері жәй айтып түсіндіре салғаннан әлдеқайда жоғары болатыны сөзсіз.
Тәрбиелік мәні бар мұндай жұмыстар стендтерге қойылып, биыл облыстың барлық мектептерінде ашылатын денсаулық бұрыштарында орнатылады. Сондықтан ұрпағымыздың сені сау, болашағымыз жарқын болуы үшін баршаңызды осы бастамамызды қолдауға шақырамын, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.

Басқарма басшысының айтуынша, мектеп медицинасын жетілдіру денсаулық бұрышында дұрыс тамақтануды насихаттаумен ғана шектелмейді. Өйткені жасөспірімдер арасында көз сырқаттары, омыртқалардың қисаюы, майтабан аурулары жиі көп. Омыртқа мәселесін болдырмауда оқушыларды дұрыс отыруға үйрететін, дене шынықтыру жаттығуларын күнделікті жасауға дағдыландыратын, олармен күнделікті қарым-қатынас жасайтын мұғалімдердің көмегі аса қажет.

Ал, майтабанды анықтап, алды алуға көмектесетін плоскостоп аппараты жыл соңына дейін аудан, қалалардағы емханалардың бәріне сатып алып беріледі. Орналасқан аумақтарына қарай жергілікті емханалардың қызметкерлері болып табылатын мектептегі медкабинет мамандары аталған аппараттың көмегімен жасөпірімдерді тексеруОден өткізетін болады.

Баспасөз конференциясы барысында облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігерлері мен мектеп оқушылары дұрыс тамақтануды насихаттап, ол туралы бейнеролик көрсетті.