Шымкентте жер учаскелері мемлекет мұқтажына қайтарылуда

719

Шаһардың бас жоспарына сәйкес қалалық жер қатынастары бөлімі өз жұмысын пысықтады. Соның нәтижесінде 600-ге жуық гектар жер учаскесі мен 785 меншік иесінің жылжымайтын мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылған.

Мысалы, қаладағы атшабар құрылысы үшін 9 меншік иесінен 42 гектар жер учаскесі алыныпты. Оның басым бөлігі мамандандырылған экономикалық соттың шешімі негізінде қайтарылған. Ал Қонаев даңғылын ұзарту үшін 73 меншік иесінің жері қайтарылыпты. 17 учаске бағалауға жіберілсе, 5 заңсыз құрылысқа байланысты заңдастырыу мүмкіндігі қаралып жатыр. Мұның барлығы қала әкімдігінде өткен жиналыста мәлім болды.

Жерді мемлекет қажеттілігіне қайтырып алу жұмыстары бойынша бөлім басшысы баяндама жасады. Айтуынша, көбіне меншік иелері бағаланған мүліктің құнына келіспей жатады. Ол дегеніміз жоспарланған құрылыстың созылуына алып келген. Болашақта көпқабатты тұрғын үй құрылысы үшін Евразия базары маңындағы жер учаскелерін, саябақтар мен гүлзарлар құрылысы үшін Көмеш бұлақтан, Тұран шағынауданынан жол салу үшін, Қонаев даңғылын, Өтегенов, Оңтүстік айналма жолы және Алматы айналма жолын кеңейту үшін жер учаскелерін қайтару жұмыстары жоспарлануда.

Қала әкімі осы жұмыстарды жылдамдатуға тапсырма берді. Ғабидолла Әбдірахымовтың айтуынша, Шымкентте жерді мемлекет үшін қайтару – үлкен бір эпопея. Тірліктің тығырыққа тірелуіне БАҚ құралдары да өз үлестерін қосып жатады дейді әкім.

Сондай-ақ, шаһар басшысы бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар нысандар үшін қажетті жер телімдері қайтарылсын деді. Ол тізімге Қошқар ата өзені, Цитадель, Тұран шағынауданы кіріп отыр.

Қаладағы көпқабатты үйлерді жаңартудан өткізу жұмысын да жылдамдату қажет. Шымкенттт 900-ден астам көпқабатты үй болса, соның жылына бар болғаны 20-ға жуығы ғана жөнделеді екен. Шымкентегі үйлердің 350-і 60-жылдары салынған, ескі. Сол себепті қала әкімі жыл сайын кем дегенде 100 үйді жаңарту бағдарламасына өту қажет деген тапсырма берді. Қорыта айтқанда еліміздегі үшінші қала бекітілген бас жоспарға сәйкес болуы тиіс. Бұл – Елбасының атқарушы билік өкілдеріне берген тапсырмасы.

Нұрлан Күдерұлы