Түркістан жайлы ерекше кітап

840

Ресей ғылым академиясының Антропология және этнография музейінің директор орынбасары және «Manuscripta Orientalia» халықаралық ғылыми журналының бас редакторы профессоры Е.А. Резванның «Түркістан» атты кітабы көптеген жылдар бойы мұражай және экспедициялық зерттеулердің материалдарына негізделе отырып, Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен дәстүрі және орыс пен қазақ мәдениетінің өзара тарихи қатынасына арнап шығарылған.

Тарихи құнды кітапта 2010 – 2015 жылдар аралығындағы экспедициялық іссапарлардың қорытындысына сəйкес, Қазақстан мен Ресейдің тығыз байланысты тарихы жəне қазақ мәдениетінің бірқатар ерекшеліктері мен ескерткіштері жайлы жаңа ғылыми материалдар арқылы мәліметтер толықтай топтастырылып, бейне және аудио иллюстрациялармен барлық элементтер қамтылған.

Төрт бөлімнен тұратын кітаптың төртінші бөлімінде «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне қарасты Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және қасиетті Тайқазанның суреттері бейнеленген.

«Түркістан» кітабының негізгі ерекшелігі мұқаба мен ішкі беттерге жаңа 3D-технология қолданылған. Мысалға, смартфоныңыздың камерасын қосып кітапқа қарай түсірсеңіз Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ежелгі көрінісі жəне оны айналдыра отырып, кесененің жан-жағы мен ішкі көріністерін көруге болады.
«Түркістан» кітабы Ресей ғылым академиясының Антропология және этнография музейі және «МИР» Мемлекетаралық телерадиокомпаниясының Қазақстан Республикасындағы ұлттық филиалының қолдауымен Санкт-Петербург қаласындағы «Типография «Экстрапринт» баспаханасында 2016 жылы басылып шыққан.

Белгілі ғалым, исламтанушы Ефим Резванның «Түркістан» кітабын «Әзірет Сұлтан» мемлекетті тарихи-мәдени қорық-музейіне «МИР» Мемлекетаралық телерадиокомпаниясының Қазақстандағы ұлттық филиалының директоры Асқар Әлімжанов 2016 жылы сыйға тартып, қойнына мол мұра тұнған құнды дүниенің музей кітапханасында алар орны айрықша.

Әзірет Сұлтан мемлекеттік қорық-музейі