Мақтааралда 180 орынды балабақша ашылды

463
Мақтааралда 180 орынды балабақша ашылды

Мақтаарал ауданы Жаңа ауыл елдімекенінде «Туған жер» бағдарламасы аясында 180 балаға арналған жаңа балабақша пайдалануға берілді. Мектепке дейінгі мекемені жергілікті кәсіпкер, облыстық тәжік этно-мәдени бірлестігінің өкілі Бахтияр Қазыбаев Елбасының бастамасына қолдау білдіріп, туған жерді түлету мақсатында ашып отыр.

Кәсіпкердің айтуынша, балабақша құрылысына 124 млн теңге жұмсалған. Алты топтағы 180 бала мемлекеттік тілде тәрбие алады. 24 адам тұрақты жұмысқа тартылып отыр.

— Балабақша салып, пайда табуды көздеп отырған жоқпын. Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруды өзіме борыш әрі құрмет деп санаймын. Ауыл балалары жастайынан бойына патриоттық тәрбиені сіңіріп, ертең еліміздің өркендеуіне үлес қосатын саналы азамат болып қалыптасуына ықпал етсем деймін, — дейді Бахтияр Қазыбаев.

Мақтааралда 180 орынды балабақша ашылды

Білім беру мекемесінің ашылу салтанатына облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, Мақтаарал ауданының әкімі Ғалым Исмаилов қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.

Мақтааралда 180 орынды балабақша ашылды

— Бүгінде ассамблея мүшелері мәдени іс-шаралармен шектелмей, өңіріміздің экономикалық, әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне, Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған игі жобаларды іске асыруға белсене қатысып келеді, — деген облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі М.Қалмұратов достықты, татулықты насихаттау балабақшадан басталу керегін айтты.

Мақтааралда 180 орынды балабақша ашылды

Одан кейін қонақтар ауыл тұрғындарымен бірге балабақша ғимаратын аралап көрді. Топтардың жұмысымен танысып, асхана, музыкалық залда болды. Балалардың әзірлеген концерттік нөмірлерін тамашалады.