Оңтүстіктегі білім нысандарына биыл 31,9 млрд теңге бөлінген

407
25 жылдыққа - 25 мектеп

Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 11 сыныпты бітірген 33 мың мектеп бітірушінің орнына 73 мыңнан астам оқушы бірінші сыныпқа қабылданған. Нәтижесінде өңірде оқушы орнына деген тапшылық байқалуда. Аталған мәселені шешу мақсатында 2017 жылы облыс көлеміндегі 79 білім нысанының құрылысына 31,9 млрд теңге бағытталып, биыл 31 нысанды пайдалануға беру жоспарланған.  Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов мәлім етті.

Оңтүстіктегі білім нысандарына биыл 31,9 млрд теңге бөлінген

Басқарма басшысының айтуынша, 2017-2018 оқу жылында облыстағы 1038 мектепте 634 мыңға жуық оқушы білім алуда. Сондай-ақ, биылғы оқу жылында 992 мектеп жұмысы бес күндік оқу аптасына көшірілген. Оның ішінде жаңартылған білім беру жүйесіне көшкен 1, 2, 5 және 7 сыныптағы 300 мыңға жуық оқушы білім алады. Ал мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға келсек, биылғы 1 қарашадағы есеп бойынша облыста 1-6 жасар 183 280 баланы қамтитын 1700-ден астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді.

– Сол ұйымдардың 991-і – жекеменшік, ал бұл көрсеткіш жалпы мектепке дейінгі ұйымдардың 58 пайызын құрайды. 2017 жылы жалпы 8805 орынға 108 мектепке дейінгі ұйым іске қосылды. Сондай-ақ, 3-6 жасар балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту үлесі биыл 82,5 пайызға дейін өсті.  Жыл соңына дейін қосымша 7 815 орынға лайықталған 45 мектепке дейінгі ұйым ашылып, балаларды қамту 85,5 пайызды құрайтын болады, -деді Исатай Өмірзақұлы.

Оңтүстіктегі білім нысандарына биыл 31,9 млрд теңге бөлінген

Сонымен қатар білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, соңғы бес жылда облыс мектептеріне 40285 компьютерлер сатып алынған. 2017 жылы 520 мектепке мультимедиялық құралдардың 2354 топтамасын алу жоспарланған.

Бұдан бөлек мектеп оқушыларына арналған электронды журналдар мен күнделіктердің kundelik.kz пилоттық жобасы өңірдегі 710 мектепте ендіріліп, жұмыс жүргізуде. Бұл облыстағы мектептердің 69 пайызын құрайды.

Мектептерді электронды білім беру контентімен қамтамасыз ету мақсатында Bilimland білім беру платформасына қосу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаға 1021 мектепті қосуға республикалық бюджеттен 2017 жылға 222,2 млн теңге қаралып, нәтижесінде білім мекемелері электронды білім беру контенттеріне толық қосылған.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі