Шымкентте ауыл шаруашылығы тауарларының тағы бір жәрмеңкесі болады

372
Шымкентте ауыл шаруашылығы тауарларының тағы бір жәрмеңкесі болады

Енді Шымкенттегі «Әсел» базарында да ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтетін болады. Өткен жексенбіде жәрмеңке өз жұмысын бастап та кетті. Мұнда шұжық, ет пен сүт өнімдері, кептірілген жеміс пен көкөніс сатылады. Дегенмен, кейбір сатып алушылар разы емес. Олардың ойынша, жәрмеңкенің басты талабы сақталмай отыр.

Ұйымдастырушылар да жәрмеңкеде саудаланып жатқан тауарлардың аз екенін жасырмайды. Себебі, жәрмеңке алғаш рет өтуде. Айтуларынша алдағы демалыстарда бұл олқылықтардың да орнын толтырады.

Ғазиз Ханходжаев, ұйымдастырушы: «Жасыл» базар ашқымыз келеді. бұл жерде халық көп. Алайда азық-түлік базары жоқ. Дүкендер жеткілікті, ал ондағы баға қалтаға қонымсыз. Осыны ескеріп, осындай жәрмеңке ұйымдастырып отырмыз. Бірінші күн болғандықтан, сатушылар да, сатып алушылар да аздау болып тұр. Үйренген соң бәрі ойдағыдай болады деп сенеміз. Әкімшіліктің қолдауымен енді әр жексенбіде делдалсыз, тікелей өндірушілермен бірігіп ұйымдастырып отырамыз.»

Айта кету керек, сатып алушылардың арасында жәрмеңкедегі бағаны қалтаға қонымды деп санайтындар да табылды. Мұнда қойылған өнімдер сатушылардың өз еңбегімен келген жемісі. Сондықтан сапасына да, бағасына да өздері жауап берді дейді ұйымдастырушылар. Айтуларынша, алдағы уақытта жәрмеңкеге ауыл шарушылығы өнімдерін өндірушілер мен сатушыларды көптеп тарту жоспарда бар.

Айжан Ермекқызы