Зиялы қауым кәсіпорындарды аралады

285

«Облыс экономикасы қарыштап дамып келеді… Өндірісі өрге өрлеп, өркендеп келеді»… Ардагерлер осылай дейді. Бүгін ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Сапарды ұйымдастырудағы басты мақсат – ардагерлерімізді облысымыздың экономикалық әлеуетімен таныстырып, облыс қоржынын қордаландыруға қомақты үлес қосып отырған кәсіпорындардың атқарып отырған жұмыстарынан хабардар ету болатын. Қуаты қарқынды, тірлігі қайнаған өндіріс орындарының жұмысымен танысып шыққан ардагерлер оң бағасын берді.

Ардагерлер алдымен Шымкентті кілемдердің отаны атандырған «Бал текстиль» серіктестігінің жұмыс барысымен танысты. Зауыттың екі желісі қарқынды жұмыс істеуде. Бүгінде үшінші кезеңінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазақы нақышты, ою-өрнегі көз тартарлық кілемдердің қалай жасалып шығатынын көрді. Үлкен сұранысқа ие болған кілем фабрикасы 20-дан астам шетелге өнімдерін экспорттайды. Өндіріс орнында 235 адам екі қолға бір күрек тапқан.

Нұржан Есімжанов, басқарушы директор:
– Бүгін ақсақалдар алқасы осы кәсіпорын жұмысымен танысып шықты. Мұндағы кәсіпорындарға барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Олар жер салығы, мүлік салығы, кеден салығынан босатылған. Аймақ территориясында инфрақұрылмдар қосылған. Мұнда қызмет атқару өте қолайлы.

Бұдан кейін ақсақалдар шыны шығаратын «Еврокристалл» кәсіпорынына ат басын тіреді. Балқыту пешінен бастап, дайын өнім шығаратын кезеңге дейінгі жұмыс барысымен танысты. Мұнда жылына 300 млн дана шыны ыдыстар шығарылады. Бүгінде ішкі нарықты қамтып қана қоймай, шетелдерге де өнімін экспорттап отырған өндіріс орнының өнім сапасын жоғары деп бағалады. Ақсақалдардың табан тіреген келесі кәсіпорын шифер зауыты болды. Түрлі заманауи құрылыс материалдары көбейіп кетсе де сұранысы кемімеген шифердің түрлі нұсқада шығарылып жатқанын әрі бағасы да шетелдік өнімнен төмен екендігін айтысты.

Айтымбек Құмарбеков, тыл ардагері:
– Ауыр технологиялармен жаңа дүниелер шығарып жатқаны біздің облыс үшін үлкен табыс. Халық үшін үлкен жұмыстар атқарылып жатыр екен. Көзбен көрген бір бөлек, естіген бір бөлек… Ары қарай дамуына тілектеспіз. Облысымыздың экономикасы жоғары көтерілетініне сенімдіміз.

Алдағы уақытта осы сарындас өндіріс орындарына арнайы ұйымдастырылатын сапарлар жалғасын таппақ. Облысқа еңбегі сіңген абыз қариялар өңіріміздің атын шығарып, толымды жұмыс жасап жатқан өндіріс орындары басшыларына ақ батасын берді Солардың арқасында өңір экономикасы қарыштап дамып отырғанын айтты.