Оңтүстікте 2018 жылы 320 әлеуметтік нысан салынады

313
Оңтүстікте 2018 жылы 320 әлеуметтік нысан салынады

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті он сегізінші сессиясы өтті. Онда облыстың 2018 жылғы бюджетінің жалпы көлемі 447,7 млрд теңге болып бекітілді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 32,3 млрд теңгеге артық.

Бұл жөнінде облыстық депутаттар алдында 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы баяндаған экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов мәлімдеді. Оның айтуынша, облыс бюджетінің басым бөлігі әлеуметтік салаларға бағытталған.

Мәселен, білім беру саласына жалпы 42,9 млрд теңге қарастырылса, денсаулық сақтау саласына – 19,5 млрд теңге, халықты әлеуметтік қолдау саласына 6,9 млрд теңге бағытталып отыр. Сонымен бірге мәдениет және спорт салаларына 17,9 млрд теңге бөлінсе, тұрғындарды таза ауыз сумен қамту мақсатында 33 жобаны іске асыру үшін 6 млрд теңге қарастырылған. Осының нәтижесінде 16 жоба іске қосылып, 13 елдімекен ауыз сумен қамтылып, жалпы қамтылған елдімекендер саны 636-ға жетеді деп күтілуде.

Басқарма басшысы  тұрғын үй саласы бойынша 77 нысанның құрылысына 25,6 млрд теңге бағытталып, жалпы алаңы 208,6 мың шаршы метр болатын 3 434 пәтерлі 72 үй пайдалануға берілетінін атап өтті.

Оңтүстікте 2018 жылы 320 әлеуметтік нысан салынады

– Инженерлі-коммуникациялық инфрақұрылым саласы бойынша 20 нысанның құрылысына 1,9 млрд теңге қарастырылып, 16 нысанды іске қосу жоспарлануда. Халықты көгілдір отынмен қамту мақсатында 67 нысанның құрылысына 14,4 млрд теңге қарастырылып отыр. Нәтижесінде 28 елдімекендегі 64 844 адам газбен қамтамасыз етіліп, қамтылған елдімекендер саны 372-ге жететін болады. Электр энергиясы бағыты бойынша 12 нысанның құрылысына 2,9 млрд теңге қарастырылып, 16 елдімекен сапалы электр энергиясымен қамтылады, – деді А.Сәбитов.

Сессия жұмысында депутаттар ОҚО жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция полковнигі А.Сейдуалиевтің осы жылдың 10 айында атқарған жұмыстарының есебін тыңдады.

Жалпы, биылғы 10 айда жергілікті полиция қызметі облыс аумағында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бірқатар нақты іс-шаралар жүзеге асырғанын айтқан полиция полковнигі өңірде орын алған жалпы қылмыс саны 12,9 пайызға кемігенін жеткізді. Оның ішінде аса ауыр қылмыс – 6,8 пайызға, ауыр қылмыс – 8,3 пайызға, тонау – 9,7 пайызға, бопсалау – 15,1 пайызға, зорлау – 21,5 пайызға, бұзақылық – 33,3 пайызға, бөтеннің мүлкін ұрлау 11,6 пайызға төмендеген.

Жергілікті полиция қызметі тарапынан атқарылған жұмыстарға қанағаттанарлық баға берген  халық қалаулылары қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрмыстық қылмысқа қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі міндеттерді жетілдіру қажеттігін айтты.

Оңтүстікте 2018 жылы 320 әлеуметтік нысан салынады

Мәслихат отырысында қаралған 20 мәселенің барлығын байыппен тыңдаған облыс әкімі Ж.Түймебаев бүгінгі сессияда облысымыздың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайына едәуір ықпал жасайтын мәселелер талқыланғанын және өңірдің даму жолындағы туындап жатқан мәселелерге бей-жай қарамай, белсенділік танытып отырған депутаттарға ризашылығын білдірді.

– Жоспарлы кезең бюджет жобасын қалыптастыру барысында бірінші кезекте шешуді қажет ететін өзекті мәселелерге мән берілді. Келесі жылы 320 маңызды әлеуметтік нысан салынатын болады. 10,5 млрд теңгеге 61 білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп, 46-сы іске қосылады, оның ішінде 9 апатты және 5 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі. Келесі жылы апатты, жалдамалы және ыңғайластырылған ғимаратта отырған 37 медициналық пунктің мәселесі шешіледі. Сондай-ақ, медициналық ұйымдарды компьютерлік жабдықтармен толық қамтамасыз ету мақсатында 1,9 млрд теңге жоспарлануда. Ал кәсіпкерлікті дамытуға 7,9 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр,-деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығын қолдауға жалпы 25 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылғанын, оның ішінде 22,4 млрд теңгесі субсидияға бағытталғанын айтты. Бөлінген қаржы аясында келер жылы облыс экономикасының өсімін 2,5 пайызға жеткізу жоспарлануда деді Ж.Түймебаев.

Сессия барысында облыстық мәслихат депутаттары Астана қаласының 20 жылдығына орай облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа Елбасымен бірге алғашқы болып Астанаға қоныс аударып, әкімшілік-іскерлік орталық ретінде қалыптасуына, экономикалық және сәулеттік дамуына, халықаралық аренадағы абырой-беделінің артуына сүбелі еңбек сіңіргені үшін алғыс білдірді.

Сонымен бірге облыстың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына сіңірген еңбегі үшін салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен облыстық мәслихаттың депутаты Нұралы Әбішов және облыстың дамуына ерекше сіңірген еңбегі мен қоғамдық өмірге белсенді қатысқаны үшін Оңтүстік Қазақстан облысының құрмет грамотасымен облыстық мәслихат аппараты тұрақты комиссиялар бөлімінің бас инспекторы Баян Утемалиева марапатталды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі