Оңтүстікте «Жас кәсіпкер» жобасы қолға алынды

485

Оңтүстікте жастарды кәсіпке баулу және қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынған «Жас кәсіпкер» жобасы таныстырылды. Жобаны «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы  мен «Ырыс» микроқаржы ұйымы бірлесе қолға алып отыр. Брифингке осы мекеме өкілдері қатысып, журналистерге «Жас кәсіпкер» жобасын таныстырды.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жастарға аса басымдық берілген. Бұл орайда мемлекеттік ұйымдардың жастарға деген қолдауы өте маңызды. Соны ескере отырып біз «Жас кәсіпкер» жобасын іске асырғалы отырмыз. Аталған жобаның мақсаты – жастардың бизнес бастамаларын қолдап, жұмыссыздықты азайту» – деді «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Әбілдинов.

Айта кетерлігі, «Жас кәсіпкер» жобасы байқау аясында жүзеге асырылады. Бұл конкурс 2017 жылдың желтоқсан айында өткізілмек. Оған 50 жоба іріктелініп алынады.

"Жас кәсіпкер" жобасы қолға алынды

– Жобалар «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы қаржыландырылады. Болашақ жас кәсіпкерлерге 7 пайызбен 2 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Қаржыландыру мерзімі 60 айға дейін созылады деп жоспарлап отырмыз, – деді «Ырыс» микроқаржы ұйымының директоры Данияр Арынғазин.

Байқауға облыстағы бизнес жобасы бар 18 бен 29 жас аралығындағы кез келген азамат қатыса алады. Конкурсқа аймақтың дамуына пайдасы бар бизнес-ұсыныстар қабылданбақ. Өтінімдер «Ырыс» микроқаржы ұйымында сарапталып, Оңтүстік Қазақстан әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен құралған комиссияның қарауына тапсырылады.

Жобалардың жүзеге асырылуы барысында мониторинг жасалынып, жас кәсіпкерлерге компания тарапынан барынша көмек және қолдау көрсетілмек.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі