Сайрамның тұрғындарын миллион теңгеге алдаған алаяқ ұсталды

285
Сайрамның тұрғындарын миллион теңгеге алдаған алаяқ ұсталды

Оңтүстікте алаяқтыққа қатысы бар 33 жастағы күдікті ұсталды. Сайрам аудандық полиция бөліміне бірнеше жергілікті тұрғын арызданған. Онда бір танысы алаяқтық жолмен тез ақша табудың жолдарын уәде етіп, ақшаларын алып, ізін суытқаны туралы көрсеткен. Жәбірленушілердің бірінің айтуынша, күдікті белгісіз фирмаға ақша құйып, екі-үш аптадан соң пайызымен аласың деп, жәбірленушіден 350 мың теңгесін алып кетіпті.

Сайрам аудандық ішкі істер қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында күдікті ретінде 1984 жылы туған жергілікті тұрғынды ұстады. Тергеу барысында жұмыссыз азаматтың 4 алаяқтық жайтына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келген жалпы шығын көлемі миллион теңгені құрап отыр.

Қазіргі таңда аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер күдіктінің басқа да алаяқтық жайтына қатысы барын тексеріп жатыр.

Осы орайда тәртіп сақшылары алаяқтардың құрбаны болмас үшін бейтаныс азаматтармен қарым-қатынас барысында сақ болуды ескертеді. Алаяқтардың қулығына алданып қалмас үшін барлық адамдарға сене бермеңіз. Осындай жолмен тек ақшаңызды ғана емес, өз мүлкіңізді және денсаулығыңызды жоғалтуыңыз мүмкін.

Егер сіз осындай қылмыстың жәбірленушісі немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға 102 нөмірі арқылы хабар беріңіз.