«Сананы жаңғыртуды білімнен бастау керек»

463

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы – «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ОҚО бойынша жобалық кеңсесінің менеджері Көшербай Еділбай.

– «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасы аясында қанша жоба жасалған?

– Елбасымыздың осы жылы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында алты басымдыққа мән беріліп отыр. Бірінші басымдық білімнің салтанат құруы, екінші ұлттың бірегейлігі, прогматизм, сананың ашықтығы, бәсекеге қабілеттілік, Қазақстанның революциялық жолмен емес эволюциялық жолмен дамуларын айта кетті. Өйткені бұл қоғамға қажет дүние. Егер осы жаңғырулардың барлығы рухани жаңғыруымызға сай келіп жатса ары қарай еліміздің дамуына үлкен мүмкіндіктер туады. Бірінші сананы жаңғырту үшін білімнен бастау керек. Білімді ұрпақ бәрін жасай алады. Бүгінгі ілгері озып бара жатқан заманда қайта жаңғыруға үлес қосуымыз керек деп айтып өтті. Прогматизм – өз қажетіңізді, ұлтыңыздың рухани дүниесін жақсы білу, оны меңгеру, оны үнемді қанағатшылдықпен пайдалана білу, ысырапшылдыққа жол бермеу. Бәсекелестікке қабілеттілік үлкен жетістікті талап етеді. Ол деген әлемдік, ұлттық нарықта бағасы төмен, сапалы дүние шығару. Әрбір адам өзі бәсекеге қабілетті болу дегенді білдіреді.

– Жобалар жайлы жіліктеп айтып берсеңіз…

– «100 жаңа есім» жобасы Қазақстанның белгілі адамдарды таныту үшін, халыққа таныстыру, ынталандыру мақсатында қолға алынды. «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасы аясында бізде 6 жоба жасалынған. «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиялық картасы», «Жаһандағы заманауи Қазақстанның мәдениеті», «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық», Қазақ алфавитін латын алфавитіне көшіру турасында жобалар жасалынған. Әлемдегі алдыңғы қатарлы оқулықтарды қазақ тіліне аударып, өскелең ұрпақты сусындату.

– Киелі жерлердің қайсысы тізімге ілігеді?

– Жоғарыға 104 киелі жерді ұсынғанбыз. Қазір соның 21- і киелі жер есебінде аталып отыр. Оның ішінде Қазығұрт тауы, Жылаған ата, Ақмешіт үңгірі, Созақ, Отырар, Сауран қалашықтары, Әзірет Сұлтан мешіті, Қазығұрт ауданында Исмайл ата кешені бар, Арыстанбаб кесенесі, Қарабура кесенесі сынды 21 нысан кіріп отыр.