Шымкентте букмекерлік кеңсені тонағандар ұсталды

295
Шымкентте букмекерлік кеңсені тонағандар ұсталды

Шымкентте букмекерлік кеңсені тонағандар қолға түсті. 7 желтоқсан күні Әл Фараби полиция бөліміне 26 жастағы жәбірленуші арызданып, түн ішінде Республика даңғылының бойында орналасқан букмекерлік кеңсеге белгісіз біреулердің шабуыл жасағанын айтады. Күдіктілер кассир қыз бен күзетшіге дене жарақатын салып, кассадан 180 мың тенгені алып кеткен.

Жедел іздестіру іс-шарасы барысында Әл-Фараби полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері 6 күдіктіден тұратын қылмысты топты қолға түсірді. Олар Төлеби ауданының 18, 19 20 және 27 жастағы тұрғындары болып шықты. Тергеу барысында күдіктілер өз кінәларын мойындап, олардың облыс аумағында жасалған 5 тонау жайтына қатысы бары анықталды.

Қылмысты топ белгіленген кестеге сәйкес әрекет еткен. Күдіктілер букмекерлік кеңсеге кіріп, қызметкерлері күш көрсету арқылы ақшаны алып кетіп отырған. Ұрланған ақшаны күдіктілер өз қажеттіліктеріне жұмсапты.  Жәбірленушілерге келген жалпы шығын көлемі 400 мың тенгеден асып отыр.

Аталған жайт бойынша тонау бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауда жатыр. Қазіргі таңда полицейлер ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас қылмысты істерге қатысы бар-жоғын анықтауда.

Осы орайда тәртіп сақшылары Шымкент қаласындағы түрлі мекемелердің иелеріне өз қызметкерлеріңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, нысандарға бейне-бақылау және дабыл жүйесін қосуды сұрайды.

Егер сіз қылмыстың куәгері немесе зардап шегушісі болсаңыз, дереу полицияға 102 нөмірімен хабар беріңіз.