Жергілікті полиция басшысы онлайн-конференция өткізді

470
Жергілікті полиция басшысы онлайн-конференция өткізді

Тәртіп сақшысы аманатқа қиянат жасады. Ауылды жерде баспана жалдап тұрған полицей өзгенің сеніп тапсырған үйін астаң-кестең еткен. Осылай деп ашынған Ордабасы ауданының тұрғыны полиция қызметінің басшысынан көмек сұрады.

Жергілікті полиция қызметінің басшысы Әбдіғани Сейдуалиев облыс тұрғындары үшін онлайн-конференция өткізді. Жиында басшыға өңірдегі тәртіп сақшыларының жұмысы туралы түрлі сауалдар түсті. Шенділерге қатысты айтылған әр сынды Әбдіғани Тойшыұлы мұқият тыңдап, жеке-жеке жауап берді.

Тағы бір сауалдардың бірі Ордабасы ауданы тұрғынан келіп түсті. Кездесуде Бадам ауылының тұрғыны Бахтияр Смадиярұлы жергілікті полиция қызметінің басшысынан көмек сұрады. Айтуынша, Бадам ауылында учаскелік полиция қызметін атқарған Жансерік Өтебаев жалдап тұрған баспанасында коммуналды заттарды қиратып, кетіп қалған. Ауылдағы полиция бөліміне іздеп барса, оның қызметі көтеріліп, аудандағы ішкі істер бөліміне жұмысқа орналасыпты.

Тәртіп сақшының тәртіпсіз әрекетін естіген басшы мәселені жіті қадағалауына алды. Конференция барысында халықпен ашық әңгімелессе де тәртіп сақшыларының проблемасынан қабағы ашылмады. Әріптестерінің селқостығын заң шеңберінде жазалауды ұйғарды.

Лаура Нахыпқызы