Үсік шалғандар да, газға уланғандар да аз емес

588

Күннің басты тақырыбы – ауа-райы турасында болып тұр. «Бүгін де еліміздің алты өңірінде жел күшейіп, жаяу бұрқасын соқты. Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының кей аудандарында секундына 15-20 метр жылдамдықпен соққан жел сейсенбіде де тоқтамайды», деп хабарлады Қазгидромет.

Бұл кезде төтеншеліктер ОҚО өзендерінде мұз қатып, сең тоқтау қаупі бар, деген ақпаратты да таратып үлгерді. Алайда, балық аулауға белсенділерді қатаң ескертеді. Әдетте, күн суытса, жылыту қондырғылары көптеп пайдаланылады. Есесіне, қауіпсіздік жағына мән бере бермейміз. Демалыс күндері облыс орталығында 12 адам улы газдан уланған. Арасында ерлер, әйелдер мен бала да бар. Ал қара суықта аяқ-қолы үсігендердің біразы бейімдеу орталығына дер кезінде жеткізілген.

Өңірде суық жел басталғалы, өрт те, улы газдан уланғандар қатары да көбейген. Тіпті, үсіп қалған азамат та тіркелген. Уланғандардың біразы Орынбаев клиникасы жанындағы облыстық жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығында қазіргі таңда ем дом қабылдап жатыр. Соңғы төрт күнде токсикология бөлімшесіне түскен науқастардың жағдайы біршама түзелді, дейді дәрігерлері.

Асылхан Мыңбосынов, токсикология бөлімшесінің меңгерушісі: «Бізге 26 мен 29 қаңтар аралығында 12 азамат түсті. Олардың бесеуі әйел, бесеуі ер кісі және екеуі балалар. Барлығы да газдан уланған».

Өткен жексенбіде күйік бөлімшесіне аязда үсік шалған Шымкент тұрғыны жеткізілді. Ішімдік ішіп далада қалған ер азаматқа да дер кезінде медициналық көмек көрсетіліпті.

Бұл бір ғана емдеу мекемесіне түскендер. Ал қаладағы Әлеуметтік бейімдеу орталығының мамандары күн түн демей қаланы аралап, панасыз қалған азаматтарды осында алып келеді. Бүгінде орталықта 160 адам бар. 7-уі соңғы бір аптада түсіпті.

Әлеуметтік бейімдеу орталығы былтыр осы кезеңде 180-дей адамға пана болған. Биыл көрсеткіш біршама төмендеген. Олардың басым бөлігі құжаттарын жоғалтқандар және баспанасыз қалған адамдар. Сондай азаматтардың екеуі рейдтік шара барысында жеткізіліпті. Олардың киімдеріне дейін залалсызданырылып, медициналық көмек көрестіледі. Ереже бойынша, мұнда келгендердің бір жылға дейін уақытша тұруына мүмкіндігі бар.

Әлеуметтік бейімдеу орталығындағылар тұрғындарға өтініш жасады. «Егер де қажет болмай қалған таза киімдер, төсеніштерді қаланың іргесіндегі Ташкент бағытындағы Бадам елдімекеніндегі орталыққа алып келсеңіздер сауапты іс болар еді» дейді әлеуметтік қызметкерлер. Өйткені мекенжайсыз қалған азаматтардың киімі қыс мезгілінде ұзақ кебеді екен.

Шынар Оразова