Өткен жылы 19 жұмысшы түрлі жазатайым жағдайларда қаза тапты

476

Облыста өткен жылы 19 жұмысшы түрлі жазатайым жағдайларда қаза тапты. Тағы 100-ден аса адам жұмыс орнында зардап шеккен. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстың еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Алмасбек Мамытбеков мәлімдеді. Еңбек заңдылығын сақтамайтын кәсіпорындардың атын атады.

Еңбек инспекторы күнгейде жалақы бере алмай отырған кәсіпорындардың жетерлік екенін айтады. Облыстағы 17 жұмыс беруші мекемеде 2 мыңнан аса жұмыскердің жалақы ала алмағанын айтады. Жалақы бойынша қарызы 292 млн теңгеден асып кеткен. Осыған дейін бұл соманың 155 млн теңгесі ғана төленіпті. Сала басшысының айтуына қарағанда мыңнан аса жұмыскер әлі күнге еңбекақысына қол жеткізе алмай отыр.

Облыстың бас еңбек инспекторының сөзінше, бір жыл көлемінде өңірдегі өндірістік орындарда 117 жазатайым оқиға орын алған. Тексеру кезінде инспекторлар қауіпсіз жұмысшылардың еңбек тәсілдерін үйренбеуі, қауіпісзідк шараларының жіті ұйымдастырылмауына көз жеткізген. Өндірістік және еңбек тәртібінің бұзылуы да қайғылы жағдайларға себеп болып отыр.

Басқарма басшысы өткен жылды қарызбен аяқтаған 3 кәсіпорынның атын атап, түсін түстеп берді. Олар – «Ютекс», «Меланж» және «ZALI»АҚ-ы. Облыста тоқыма кластерін дамытуы тиіс бұл өндіріс орындарының жұмысшылар алдындағы берешегі 137 млн. теңгеден асып жығылады. Өндіріске қан жүгірте алмай отырған мекемелердің мәселесі қазір сотта қаралып жатыр.