Сенатор Сайрам ауданында болды

531

Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев Сайрам ауданында болды. Алдымен Ақсукент елдімекенінің іргесінде орналасқан «Баракат» жылыжайының жұмысымен танысты. Аталған жылыжай бүгінде 2 гектардан астам жерге түрік технологиясын ендіре отырып қияр, қызанақ егеді. 6 айдың ішінде 250 -300 тонна өнім алуға қауқарлы. Сенаторды қызықтырғаны өнімнің қандай технология бойынша өндірілетіні, табиғи өнім өсіруге не кедергі екендігі болды.

Бүгінде жылыжайда 20 адам екі қолға бір күрек тауып отыр. Алдағы уақытта жұмысшылардың қатарын арттырмақ ниеттері бар. Шаруа қожалығының басшылары Түркияға барып тамшылатып суғару әдісі және көтерме сауда саласы туралы білімдерін жетілдіріп келіпті. Қазір өнімдерін алысқа арбаламай-ақ, осында көтерме сауда өкілдері келіп пышақ үстінен үлестіріп алып кетеді. Жалпы Сайрам ауданында 95 жылыжай бар. Өткен жылы 8 гектарға салыныпты. Сөйтіп, көлемі 27,35 гектарға артып отыр.

Мадина Ахметова, «Баракат» шаруа қожалығының басшысы: «Жылыжайымыз 2016 жылы ашылған. Жалпы көлемі 2,4 гектарды құрайды. Көп бөлігін биыл салдық. Өнімдеріміз өтімді, сұраушыларға жеткізе алмаймыз, жіберіп жатқан кезде тағы болса тағы салыңдар дейді, оған жеткізе алмаймыз».

Өнімнің басым бөлігі Шымкентке, ара тұра Ресейге жіберіліп тұрады. Негізінен Қарағандыдағы көтерме сауда базарына жөнелтіледі. Аталған жылыжайды салу үшін 250 миллион теңге өз қаражаты есебінен шығарса, қалған 300 миллион теңгені қаржы ұйымдарынан несиеге алған. Бүгінде мұнда Түркиядан арнайы келген екі агроном еңбек етуде. Депутат Бектаев өнімнің сапалылығын арттыру – бүгінде шаруашылықтардың басты мақсаты болу керектігін айтты.

Әли Бектаев, ҚР Парламент Сенатының депутаты: «Елімізде осындай көлемде өсіріп жатқан жылыжайлар санаулы ғана. Жылдан жылға жылыжайдың саны артып келе жатыр. Жылыжайдың басым бөлігі яғни, 60 пайызы оңтүстікте орналасқан. Ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің алдында басқаша талап қойылуда. Ол экологиялық, органикалық жағынан таза, сапалы, адманың ағзасына пайдалы өнім өндіру. Көптеген жылыжайда өндірілетін өнімдердің сапасы төмен, дәмі жоқ».

Бұдан кейін сенатор аудан тұрғындарымен кездесті. Онда Елбасының биылғы жолдауы жөнінде кеңірек тоқталып өтті. Одан бөлек білім, жер мәселесі туралыы тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға тұщымды жауап берді.