Шымкенттік кәсіпкерлер балалар үйінің тәрбиеленушілерін спортқа баулыды

626

Оңтүстікте жас спортшылардың қатары артуы мүмкін. Себебі Сайрам елді мекеніндегі №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері, ондағы футболсүйер балақайлар жаңа мүмкіндікке ие болды. Олар қаламыздағы орталық ойын алаңшалары мен футбол кілемдерінде ақысыз жаттығады. Осылайша ата -анасының қамқорлығынан қағылған балаларға жергілікті кәсіпкерлер мол мүмкіндік сыйлап отыр. Бұл жолғы ойынның жөні бөлек. Футболдың жасыл кілеміне кәсіби емес, әуесқой ойыншылар – Сайрам елді мекеніндегі № 4 балалар үйінің тәрбиеленушілері шықты. Футбол сүйер балақайлар қуана бас қосып, аяқ доп тебуден шеберліктерін шыңдады.

Абдул Нұржановтың жасы-16-да. № 4 балалар үйінің тәрбиеленушісі. 7 жасынан спортқа ден қойған жеткіншек алдағы арманын да осы аяқ доппен астасатынын ашып айтты.

Абдул Нұржанов, № 4 балалар үйінің тәрбиеленушісі: «Мен өте қуаныштымын. Ойын  тартысты әрі қызықты өтуде. Жартылай шабуылшы ретінде, 2 гол соқтым.  Алдымен қақпашының осал тұсын байқап, сосын ғана допты сол бағытта тебемін. Жеңісімнің құпиясы осы! Алдағы уақытта Қазақстан құрамасында ойнап, әлемдік деңгейге көтерілемін деген жоспарым бар».Спорттық сайысты Қаратау ауданы әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер жұмыла қолға алған. Сондай-ақ, бұл балалар енді қаламыздағы орталық ойын алаңшалары мен футбол кілемдерінде ақысыз жаттығады. Мұндай мол мүмкіндікті сыйлаған жомарт жандар жеңімпаз жеткіншектерге сый-таралғы тапсыруды да ұмытпады. Балақайлардың салауатты өмір салтына құрмет-қызығушылығын қалыптастыру үшін арнайы футболға арналған доптарды да үлестірді. Ал өзге де № 4 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік дастархан жайып, тағам мен тәттілерін ұсынды. Киім -кешек пен тұрмысқа қажетті заттарды табыстады. Ал балалар үйінің басшылығы қазіргі қоғамдағы қаржылық қиындықтардың мекемеге аз-кем әсер еткенін жасырған жоқ.Нұрсәуле Тастыбаева,  №4 балалар үйінің басшысы: «Әрине баяғыдай киімдер көптеп жеткізілмейді. Бренд үлгісіндегі болмаса да, орта бағадағы киім-кешектерді киіп жүр мұндағы балалар. Соңғы жылдары экономикалық дағдарысқа байланысты балаларға көмектесетін жандар да азайғанын айтқым келеді.  Ал бүгінгі демеушілердің әкелген қажетті дүниелері өте сапалы екенін көріп, разы болып отырмыз!»

Айта өтейік, бүгінде Сайрам елдімекеніндегі №4 балалар үйінде ата-анасының қамқорлығынан қағылған 81 бала тәрбиеленіп жатыр.