Мақтаралдағы каналдарға күрделі жөндеу жүргізілуде

800

Қыстай толассыз жауған жауын мен қардың суы көктемде қауіп төндіретіні бар. Әсіресе, Мақтарал ауданындағы елдімекендердің тұрғындары тозығы жеткен каналдар мен жер асты суларынан жапа шегеді. Аулалары былай тұрсын, үйдің жер төлесі суға толады. Мұндай көрініс енді қайталанбайды. Халықтың жанайқайы жоғарыдағыларға жетіп, қаржы бөлініп, каналдар мен бөгеттер жөнделіп жатыр.

Каналдарды бетонмен қаптау суды үнемдеуге, оның көтерілмеуіне сеп болады. Арнайы жоба әзірленерде бөгеттерді автоматтандыру да қаралған. Қазір құрылысшылар жобада көрсетілген қайта құру жұмыстарын жүргізуде. Яғни, каналды жөндеу құрылысы қарқын алған. Мақтаралдағы Ақманат ауылындағы каналдың тозығы жеткен лотоктары да ауыстырылады.

Тоқтамыс Молдағалиев, «Қазсушар» РМК ОҚОФ директорының орынбасары: «Құрылыс жұмыстары 2013 жылы басталды. Алайда 2014-2015 жылдары қаржының тапшылығынан тоқтап, 2017 жылы қайтадан жалғасты. Құны 6 млрд. теңге. Оның 3 млрд. теңгесі игерілді. Қалғаны 2018-2019 жылдары игеріледі деп жоспарлануда».

Мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңіске жеткен мердігер компания құрылысты екі жылда атқаруды жоспарлап отыр. Каналдың 30 шақырым қоршауы мен тармақтарын бүге-шүгесіне дейін жөндейді. Есесіне, мақтаралдықтарға судан келетін апат қаупі сейіледі. Жыл сайын каналдардан аққан жерасты суынан шаршаған шаруалар тынышталады.

Былтыр көктемде Мақтарал ауданының бірқатар ауылдарын су басып, халықты әбігерге түсірген болатын. Жыл сайын көктем мен күзгі мезгілде аулалары мен үйлері суға толған ауылдағы ағайын әкімдіктердің табалдырығын тоздырып, қолдау сұрауға мәжбүр болды.

Айтпақшы, халыққа қажетті медициналық тіректерді дәл ирригациялық жүйенің жанында салу халықтың жанына батқан. Наразылығын білдірген тұрғындар жер учаскесін белгілегенде неге ескермейді деп ашынады. Сондықтан да жөндеуді канал тармақтарынан емес, өзінен бастаса тиімдірек болар деген ұсыныстарын да жеткізді.

Шынар Оразова