Қорымдар қоқыстан тазартылуда

649

Ұлы Жеңістің 73 жылдығын атап өтетін күн алыс емес! Бүгінде Абай саябағындағы Даңқ ескерткішінің аумағында қолға алынған жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазір жауаптылар батырлар картасында қоқыстарды тазартып, бұзылған тастарды қалпына келтіруге кіріскен. Мұндай жұмыстарды күрделендіріп жіберетін бір-ақ нәрсе – тұрғындардың өзі қорымдардың аумағын ластап, қоқыстарын үйіп кетеді. Мұнда малын жаятындар да көп.

Бұл жерде 1942-44 жылдары майданда қаза тапқан 53 жауынгер жерленген. Оның екеуі Кеңес Одағының батырлары. Қараусыз қалған батырлар зиратын жөндеу үшін қала қазынасынан 21 млн. теңге қаражат жұмсалған болатын. 2015 жылға дейін қорымды қоқыстан тазартуға тек еріктілер мен мектеп оқушылары жұмылдырылатын.

Үш жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізіліп, тазартылған картаның аумағындағы біраз мүрденің тастары тағы да шөге бастаған. Шөп басып, қураған ағаштар да көбейген. Сала мамандары Жеңіс күніне дейін ретке келтіреміз деп отыр. Жұмыстарын бастап та жіберді.

Ерубай Құралбаев, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы: «Қысқы және көктемгі жауын шашынның салдарынан отырған тастарды бүгін қалпына келтіреміз. Қураған ағаштар кесіледі. Мерекеге дейін бұл жер тап таза болады».

Шымкентте барлығы 47 қорым бар. Бүгінде олардың көбінде су мәселесі күрделі. Одан қалса, тазалығы да көңілге қонбайды. Коммуналды шаруашылық бөліміндегілер бұл орындарды күтіп ұстауға бюджеттен 44 млн. теңге қаражат қаралғанын айтады. Алайда, мемлекеттік сатып алу конкурс мерзімі әлі аяқталған жоқ. Сондықтан тірлік тұралап тұр.

Оның үстіне қорымды туыстарына дұға бағыштап келетін жерлестеріміздің өздері ластайды. Мәселен, жақында ғана, христиан дінін ұстанушылар дәріптейтін ата-аналар күнінен кейін мұнда қоқыс бірден көбейген. Келіп кетушілерді өздерінен кейін не болатыны қызықтырмайды да.

Мемлекеттік сатып алу конкурсы ертерек нәтижесін берсе, қорымдардағы су мәселесі шешілуі керек. Тірілердің тірлігі бұл істе де жүйесіз болып тұр.

Нұрлан Күдерұлы