Табысты кәсіпкер тәжірибесімен бөлісті

678

Бүгін облыстық «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында жастармен кездескен «Ақайдар» шаруа қожалығының жетекшісі Баймырза Адамбек мал шаруашылығын дамыту бағытында жеке тәжірибесімен бөлісіп, қатарластарын ата кәсіппен айналысуға шақырды.

 

 

Жас кәсіпкер Баймырза Адамбек жылқы шаруашылығымен айналысуды осыдан 5 жыл алдын бастаған. Шаруашылығын одан әрі кеңейту мақсатында бiр жыл бұрын кәсiпкерлiк мектебiнде білім алған ол «Терлеп еңбек етпеген, тілегіне жетпейді» дейді.

«Үйде бар мал басын көбейтудi жөн санадым. Әрине, оңай болмады. Бұл кәсiпте аттың тұяғындай қатты болу керек екенiн түсiндiм. Қазiргi таңда сол нар тәуекелдiң, тынымсыз еңбектің арқасында жылқының басы 200-ге жетті. 6 адамды жұмыспен қамтып, ет және сүт өндiру саласын дамытып келемiн. Биылғы маусымда егiн шаруашылығын дамыту жоспарда бар. Жастарды ата кәсiппен айналысуға шақырамын. Бізге мемлекетіміз мол мүмкіндіктер беріп отыр. Ендеше, өз кәсiбiмiздi өрлетiп, еліміздің дамуына үлес қосайық», – деді кездесуде жас кәсіпкер.

Жиында сөз сөйлеген ОҚО Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Қанат Әбілдабеков Қазақстанда бизнеспен айналысамын деген адамға ешқандай кедергі жоқтығын айтып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға кеңінен тоқталды.

Айта кету керек, бұл іс-шара облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының белгілі бір кәсіпке маманданған ҚХА мүшелерінің үздік іс-тәжірибелерін өзгелерге үйрету арқылы тұрғындар арасында кәсіпкерліктің өріс алуына жағдай жасауды көздейтін «Әр ұлттың бренді» жобасы аясында жүзеге асып отыр. Жоба аясында мұндай іс-шаралар әр апта сайын ұйымдастырылып келеді.