Қошқар ата өзенінің жағалауында жаңа жоба жүзеге асырылмақ

944
фото авторы Самат Мырзалиев

Үшінші мегаполис болудан үмітті Шымқала күннен күнге көркейіп келеді. Көрерге көз керек. Кезінде «Көл» аялдамасының маңы қоқысқа толы базар болатын. Осы жерде әсем гүлзар салынады дегенде ешкім сенбеген-тін. Бүгінде Шәмші Қалдаяқов атындағы гүлзар халық жиі баратын жасыл желекке оранған жұмақ мекенге айналған.

Енді қаланың ескі аумағы саналатын Ескі қалашық, Қошқар ата өзені аумағы көркем келбетке енбек. Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев бір топ журналистерге жаңа жобаны таныстырды.

Қошқар ата өзенінің бойынан бастап Ескі қалашықты аралап Шымкент плаза сауда үйіне дейінгі аралықты жаяу жүріп өткен өңір басшысы жасалып жатқан жұмыс барысымен таныстырды.

Бүгінде «Қошқар-ата» өзенінің бойын абаттандыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Тыңғылықты жоба бойынша онда алдымен өзен жағалауының енінен 10 метр, ұзындығы 1200 метр жер демалыс орнына айналады. Таудың табиғи тасымен қаланып, айналасы гүлмен көмкеріліп, әлден-ақ ертеңгі күні адам танымастай өзгеріс болатынынан хабар беріп тұр. Ордабасы алаңынан Өзбек көшесіне дейінгі өзен бойын жағалай аяқжол көгалдандырылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, көз қуантып тұр.

«Ескі қаланы жаңғырту» жобасы бас аяғы жұп жұмыр жоба екендігі көрініп тұр. Қала әкімі Қошқар ата өзенінің жағалауында бой көтеретін «Қошқар ата» тұрғын үй кешенінің макетін таныстырды. Заманауи үлгіде салынатын тұрғын үй кешенінің құрылысы үш кезең бойынша жүргізілмек. Жоба толығымен жүзеге асқанда 3 976 пәтерлі 61 көп қабатты тұрғын үй ел игілігіне тапсырылатын болады.

Әкім келеді дегенді естіп мұнда өздерінің өкпесін арқалай келгендер де бой көрсетті. Көшпелі көңіл күйде отырған тұрғындар қолдарына үйлерінің сүрілетіні туралы ескерту хат алғалы ұйқыдан айырылғандарын айтуда. Осында қаншама уақыттан бері мекен еткен тұрғындар мәселе тезірек шешімін тапса дейді.

Қошқар ата өзенінің бойын абаттандыру жұмыстары үш айда, ал Ескі қалашықтағы абаттандыру жұмыстарын 2020 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.

Гүлжан Көшерова